Қазақстан азаматтарын алдаған 50-ден астам алаяқ Днепрде қолға түсті

Интернет-алаяқтықпен айналысқан 53 украиналық азамат ұсталды

Жаңалықтармен бөлісіңіз

Қазақстан азаматтарын интернет арқылы алдаған алаяқтар Украинада ұсталды, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.

Жедел-іздестіру шаралары аясында Днепр қаласында бір уақытта 40 мекенжайда тінту жүргізілді. Нәтижесінде интернет-алаяқтықпен айналысқан үш call-орталықтың қызметі әшкереленіп, 53 украиналық азамат қолға түсті. Олардың сегізі негізгі күдікті ретінде уақытша ұстау изоляторына қамалды.

Алдын ала мәліметтерге сәйкес, тінту барысында 100 мың АҚШ доллары, 90 дана компьютерлік техника, 125 смартфон, алты элиталық автокөлік, сондай-ақ атыс қаруына ұқсас зат тәркіленді.

Қазіргі уақытта тергеу амалдары жалғасып жатыр.

“Қылмыстық ұйым ұзақ уақыт бойы жалған инвестициялық компаниялардың қызметкерлері ретінде әрекет еткен. Қаскүнемдер жәбірленушілерді алдап, олардың құпия деректеріне, жеке кабинеттері мен банк шоттарына қол жеткізіп, нәтижесінде ақшалары мен цифрлық активтерін иемденген. Сонымен қатар «романтикалық схемалар» деп аталатын тәсілдер арқылы, сондай-ақ криптовалютаға жалған инвестиция ұсыну арқылы жасалған алаяқтық фактілері анықталды”, - деді ҚР ІІМ Киберқылмысқа қарсы іс-қимыл департаментінің бастығы Жандос Сүйінбай.

Оқи отырыңыз: Президент Сбербанктің басқарма төрағасын қабылдады

Новости партнеров