Қазақстан азық-түлік экспорты 34 пайыз артты: жаңа нарық мен қолдау тетіктері қарастырылуда

Қазақстандық өнімдер әлемнің ірі сауда желілерінің сөрелеріне шығуы әбден мүмкін

Жаңалықтармен бөлісіңіз

Еліміздегі сауда желілерінде ең көп сұранысқа ие 20 тауардың 14-і Қазақстанда өндірілген. Ірі дүкендердің сөрелерінде де отандық өнім көп, яғни 81 процент. Ал сүттен жасалған тағамдардың пайызы 87 болса, азық-түліктің үлесі 79 процент екен. Бүгін Үкімет отандық тауарларды қолдау және ілгерілету шараларын тағы бір пысықтады, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.

Сауда желілері отандық өндірушілердің өнімдерін қабылдаудан негізсіз бас тарта алмайды. Заңмен жауап береді. Мұндай ақпаратты премьер Бектеновке сауда министрі айтты. Сөзінше, ішкі нарықтағы өнімдердің үлесін арттыруға күш салыпты. Сондай-ақ ол дүкендердегі әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының ішіндегі қазақстандық өнімдердің үлесіне тоқталды.¤

«Жалпы алғанда, 80 пайыз отандық өнім. Ассоциация деректері бойынша, ең жоғары өнім – айран 95 пайыз. Нан өнімдері 95-97 пайыз көрсеткішке ие», – деді ҚР Сауда және интеграция министрі Арман Шаққалиев.

  Еліміз импортқа тәуелділігін төмендетті. Оның үлесі 14,7 пайызға дейін қысқарған. Бұл да Шаққалиевтің дерегі. Айтуынша, отандық агроөнеркәсіп өндірушілерінің сыртқы нарықтағы әлеуеті артып келеді. Қаңтар-мамыр айларында азық-түлік экспорты 34,4 процентке өсіп, 1,6 миллиард долларға жеткен. Шетелге ең көп шығарылатын өнімдердің топ үштігіне бидай, күнбағыс майы және ұн кіреді.

«Негізгі өткізу нарығына келсек, бұл – Орталық Азия елдері мен Ауғанстан. Сонымен қатар жемдік ұн бойынша Қытай тұр. Жаңа нарыққа ұн жеткізу бойынша Оңтүстік-Шығыс Азия бағытын пысықтап жатырмыз. Қазір логистикалық мәселелер қаралып жатыр. Сондай-ақ Еуроодақ елдеріне экспорт көлемін ұлғайтатын боламыз», – деді ҚР Ауыл шаруашылығы вице-министрі Азат Сұлтанов.

Жақын арада Қазақстандық өнімдер әлемнің ірі сауда желілерінің сөрелеріне шығуы әбден мүмкін. Үкімет жаңа қолдау тетігін әзірлеп жатыр. Одан бөлек, отандық тауарларды өткізуге және экспорттауға кедергі келтіретін талаптар қайта қаралады. Сондай-ақ қазақстандық компаниялардың сыртқы нарыққа шығуын жеңілдету үшін қолдау шаралары қолға алынады. Бұл премьер-министр Олжас Бектеновтің тапсырмасы.

Аршат Әділжанқызы, Нұрлан Өтеген, Әлихан Өтеген, Астанадан

Оқи отырыңыз: Үкіметте Президенттің отандық тауарды қолдау жөніндегі тапсырмаларының жүзеге асырылу барысы қаралуда