Қазақстан халықаралық олимпиада жеңімпаздарын мемлекеттік деңгейде қолдауды күшейтті

t.me/ortcom_kz
t.me/ortcom_kz

2025 жылы жеңімпаздар мен оларды даярлаған педагогтерге 101,7 млн теңге сыйақы төленді

Жаңалықтармен бөлісіңіз

Қазақстан халықаралық олимпиада жеңімпаздарын мемлекеттік деңгейде қолдауды күшейтті, деп хабарлайды Almaty.tv.

Қазақстан дарынды жастарды қолдау бағытында жүйелі жұмыс жүргізіп келеді. Бүгінде еліміз халықаралық олимпиада жеңімпаздарын мемлекеттік деңгейде ынталандыратын санаулы елдердің бірі. 2022 жылдан бастап халықаралық пәндік олимпиадалардың жеңімпаздары мен жүлдегерлеріне, сондай-ақ оларды дайындаған педагогтерге біржолғы ақшалай сыйақы төленіп келеді. Бұл туралы ОКҚ алаңында өткен дөңгелек үстелде ҚР Оқу-ағарту вице-министрі Шынар Ақпарова мәлімдеді.

«Алтын медаль иегерлеріне 1500 АЕК-ке дейін, күміс медаль иегерлеріне – 1000 АЕК-ке дейін, қола медаль иегерлеріне – 500 АЕК-ке дейін біржолғы сыйақы төленеді. Мемлекеттік қолдау тек оқушыларға ғана емес, оларды даярлаған педагогтерге де көрсетіледі. 2025 жылы Мемлекет басшысы алғаш рет халықаралық олимпиада жеңімпаздарын дайындаған 24 ұстазды «Құрмет» орденімен, «Шапағат» және «Ерен еңбегі үшін» медальдарымен марапаттады. Сонымен қатар тәлімгерлерге 8,5-тен 26,5 базалық лауазымдық жалақы мөлшерінде қаржылай сыйақы берілді», – деді спикер.

Оның мәліметінше, 2025 жылы халықаралық олимпиадалардың жеңімпаздары мен оларды даярлаған педагогтерге жалпы сомасы 101,7 млн теңге көлемінде біржолғы мемлекеттік сыйақы төленді.

Сонымен қатар халықаралық олимпиада жеңімпаздары еліміздің жоғары оқу орындарында мемлекеттік білім гранты негізінде білім алуға, сондай-ақ «Болашақ» халықаралық стипендиясы арқылы шетелде оқу мүмкіндігіне ие болды.

Сондай-ақ биылдан бастап халықаралық ғылыми жарыстардың жеңімпаздары мен оларды дайындаған педагогтерге де мемлекеттік біржолғы ақшалай сыйақы төлеу тетігі енгізілді.

Оқи отырыңыз: Алматы әлемнің ең үздік гастрономиялық бағыттарының тізіміне енді