Оқушылар халықаралық олимпиадаларда жыл сайын 100%-дық нәтижелер көрсетіп келеді
Қазақстандық оқушылар 2025-2026 оқу жылында халықаралық олимпиадалар мен байқауларда 1 059 медаль жеңіп алды, деп хабарлайды Almaty.tv.
ҚР Оқу-ағарту вице-министрі Шынар Ақпарова ОКҚ алаңында қазақстандық оқушылардың Халықаралық деңгейдегі жетістіктеріне тоқталды.
Оның айтуынша, оқушылар халықаралық олимпиадаларда жыл сайын 100%-дық нәтижелер көрсетіп келеді.
«2025-2026 оқу жылында қазақстандық оқушылар 44 халықаралық олимпиада мен ғылыми байқауға қатысып, нәтижесінде 1 059 медаль және 57 арнайы марапат иеленсе, оның 201-і алтын, 351-і күміс, 507 қола медаль. Бұл 2023 жылмен салыстырғанда марапаттар санының 96%-ға артқанын көрсетеді», - деді спикер дөңгелек үстел барысында.
Биыл әлемдегі ең беделді жеті халықаралық пәндік олимпиаданың төртеуіне қатысқан қазақстандық оқушылар осы төрт олимпиаданың барлығынан жеңімпаз атанып 19 медаль жеңіп алды.
Ұлттық құрама қыркүйек айына дейін география (IGeO), информатика (IOI) және лингвистика (IOL) пәндері бойынша тағы үш ірі халықаралық олимпиадада ел намысын қорғайды.
Оқи отырыңыз: Қазақстан халықаралық олимпиада жеңімпаздарын мемлекеттік деңгейде қолдауды күшейтті