Қазақстан мен Оман арасында тікелей әуе қатынасы ашылды

Depositphotos.com
Depositphotos.com

Алғашқы рейспен 140 жолаушы ұшты, бұл әуе кемесіндегі орындардың толық толғанын көрсетеді

Жаңалықтармен бөлісіңіз

Қазақстан Республикасының күні қарсаңында Астана – Салала (Оман Сұлтандығы) бағыты бойынша жаңа халықаралық әуе рейсін ашу салтанаты өтті. Рейстер Airbus A320 үлгісіндегі әуе кемелерімен орындалады, деп хабарлайды Almaty.tv.

Жаңа бағыттың ашылуы Мемлекет басшысының авиация саласын дамыту, халықаралық ұшу бағыттарының географиясын кеңейту және Қазақстанның транзиттік авиациялық хаб ретіндегі ұстанымын нығайту жөніндегі тапсырмасын орындау
аясында жүзеге асырылуда.

Екі ел арасындағы әуе қатынасын дамытудағы маңызды қадамдардың бірі – биылғы 6 қазанда Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев пен Оман Сұлтаны Хайсам бен Тариқ Әл Саидтың кездесуі аясында Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Оман Сұлтандығының Үкіметі арасында әуе қатынасы туралы келісімге қол қойылуы болды.

Жаңа рейстің ашылуына арналған салтанатты рәсімге Қазақстан Республикасы Көлік вице-министрі Талғат Ластаев, «Air Astana» әуе компаниясының аға вице-президенті Ерболат Байсалықов, сондай-ақ Нұрсұлтан Назарбаев халықаралық әуежайының басқарма төрағасының орынбасарлары Руслан Пыштанов пен Ермек Күміспаев, Оман Сұлтандығының Қазақстан Республикасындағы Елшілігінің өкілдері қатысты.

Алғашқы рейспен 140 жолаушы ұшты, бұл әуе кемесіндегі орындардың толық толғанын көрсетеді. Бір күн бұрын, 23 қазанда, Алматыдан Салала қаласына алғашқы рейс орындалып, ондағы жолаушылар орындары да толық толды.

Қазіргі уақытта Қазақстан мен Оман арасындағы әуе қатынасы Алматы – Маскат бағыты бойынша да жүзеге асырылуда. Осылайша, қазақстандық әуе тасымалдаушы Оман сұлтандығына екі жаңа бағыт ашу арқылы өзінің халықаралық маршруттық желісін кеңейтті.

Жаңа әуе бағыттарының ашылуы Қазақстан мен Оман арасындағы туристік, сауда-экономикалық және мәдени байланыстарды дамытуға, сондай-ақ азаматтардың саяхаттау мүмкіндіктерін кеңейтуге ықпал етеді.

Оқи отырыңыз: Алматыда жастарға арналған алғашқы тәулік бойы жұмыс істейтін комьюнити-орталық ашылады