Қазақстан мен Оңтүстік Корея онкологтары Алматыда бас қосты

Елімізде жыл сайын 5 мыңға жуық әйелден сүт безі обыры анықталып, мыңдағаны дерттен айыға алмай, көз жұмады

Жаңалықтармен бөлісіңіз

Алматыда сүт безі обырының алдын алу мен емдеуге арналған халықаралық ғылыми-білім беру конференциясы өтті. OPEN Healthcare Kazakhstan академиясы ұйымдастырған семинарға Қазақстан мен Корея Республикасының жетекші мамандары қатысып, өзекті мәселелерді талқылады. Іс-шараның негізгі мақсаты – халық арасында ақпараттандыру деңгейін арттырып, медициналық қауымдастықтардың кәсіби ынтымақтастығын нығайту, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.

Елімізде жыл сайын 5 мыңға жуық әйелден сүт безі обыры анықталып, мыңдағаны дерттен айыға алмай, көз жұмады. Ісік көбінесе 40 жастан асқанда дамиды. Бірақ, кей жағдайда 18 бен 20 жас аралығындағы қыз-келіншектерде де ерте пайда болуы мүмкін. Бұл түйткіл қазір тек отандық емес, әлемдегі жетекші онкологтарды да алаңдатып отыр. Осы бағытта Алматыда Қазақстан мен Оңтүстік Кореяның білікті мамандары бас қосып, сүт безі обырының алдын алу мен емдеу мәселелерін талқылады. Іс-шараның басты мақсаты – қатерлі дертті диагностикалау ғана емес, халықты кеңінен ақпараттандырып, екі ел арасындағы кәсіби ынтымақтастықты дамыту. 

«Қанша мыңдаған қазақ елінің әйел қауымы сол скринингтен өтіп, ерте дертті анықтап, нәтижелі ем алып жатыр. Оның бәрі керемет жетістік. Бірақ даму деген ешқашан тоқтамайды. Оңтүстік Кореяның мықты мамандары келіп, Кореяның маммология саласында жиналған инновациялардың барлығын әкеліп, біздің мамандармен бірге біріккісі келеді. Бұл бізге де керек», – деді медицина ғылымдарының докторы, онколог Жеткерген Арзықұлов.

Мамандардың айтуынша, сүт безі қатерлі ісігі алғашқы уақытта айқын белгілерсіз жүреді. Алайда уақытылы тексерілмесе, ол қауіпті кезеңге өтіп кетуі мүмкін. Сондай-ақ әйелдің туыстары аталған дертпен ауырған болса, онда міндетті түрде дәрігердің кеңесіне жүгінгені жөн. Бүгінде елімізде аталған дертті ерте кезеңде анықтайтын маммографиялық скрининг жобасы қарқынды жүзеге асуда. Ол іске қосылғалы мыңдаған нәзік жандының өмірін сақтап қалуға мүмкіндік туған. 

«Көп жағдайда сүт безі қатерлі ісігінің белгілері болмайды. Мысалы, ауырсыну, ауру сезімі, әртүрлі бөлінділер сүт бездерінен немесе терінің өзгеруі ол сүт безі қатерлі ісігі үлкен сатыларға өтіп кеткенде байқалады. Сондықтан уақытында ультрадыбыстық тексеру немесе маммографияны дәрігердің толық кеңесін толық өткеннен кейін өтіп тұру керек», – деді Open Healthcare Korean medical center маммолог дәрігері Әсел Жақсылықова.

Скрининг пен диагностиканың заманауи әдістері қатерлі дертпен күрестің тиімділігін айтарлықтай арттырып, науқастардың өмір сапасын жақсартуға мүмкіндік береді. OPEN Healthcare Академиясының бағдарламасы дәл осы мәселелерге арналады, - дейді кореялық мамандар. Сөздерінше, қос тарап сүт безі обырын емдеу бойынша жеткен жетістіктері мен тәжірибесін бөлісіп, инновациялық технологияларды іске қоспақ.

«Біз семинарды Қазақстан әйелдерінің өмір сүру сапасын жақсарту мақсатында ұйымдастырдық. Сүт безінің қатерлі ісігі ерте анықталған кезде ғана сәтті емдеуге мүмкіндік бар. Бұл аурудан қорқудың қажеті жоқ. Тек әрбір әйел өз денсаулығына мұқият болып, үнемі тексеріліп отыруы қажет. Біздің жетекші мамандар заманауи технологияларды пайдаланып, қыз-келіншектердің саулығы үшін бар күш жігерін салады», – деді  Open Healthcare академиясының директоры Кан Дэ Хи.

«Қазақстандағы Kорея медициналық орталығының негізгі миссиясы – азаматтарға тек медициналық көмек көрсету емес, сонымен бірге жергілікті денсаулық сақтау мәдениетін қалыптастыру. Біз өзіміздің тәжірибемізді бөлісіп, Қазақстан халқы үшін сенімді серіктеске айналғымыз келеді. Осы мақсатта тұрақты білім беру семинарларын, профилактикалық науқандарды, сондай-ақ бейінді медицина мамандарының кеңес беру бастамаларын дамытуды жоспарлап отырмыз», – деді Open Healthcare Korean medical center almaty бас дәрігері Мин Хи Сук .

Айта кетейік, халықаралық конференцияға Қазақ онкология және радиология ғылыми-зерттеу институтының өкілдері, Сеул ұлттық университеті мен ауруханасының білікті мамандары қатысты. Олар қатерлі дертті хирургиялық емдеу мен адъювантты терапиядағы заманауи жетістіктер, ауруды диагностикалаудағы биомаркерлердің рөлі, сүт безін реконструкциялаудың қазіргі тәсілдері, сондай-ақ клиникалық тәжірибеде 3D-маммография мен биопсияны қолдану мәселелерін қарастырды. Алдағы уақытта қос тарап аталған бағытта ауқымды бастамаларды жүзеге асырмақ.

Аяулым Көлжігіт, Хангелді Ахметханов

Оқи отырыңыз: Таза Қазақстан: Астанада бір топ жас экологиялық акция өткізді

 

 

 

 

 

Новости партнеров