Мемлекет басшысы ретінде барлық жауапкершілікті өз мойныма аламын – Тоқаев

Depositphotos
Depositphotos
Жаңалықтармен бөлісіңіз

«Turkistan» газетіне берген сұхбатында Мемлекет басшысы елде жүргізіліп жатқан реформалардың мәні мен оларды жүзеге асырудағы жауапкершілік туралы айтты. Президенттің пікірінше, ауқымды өзгерістер әрдайым қоғам тарапынан бірден түсіністік таба бермейді, алайда олар елдің болашағы үшін қажет, деп хабарлайды Аlmaty.tv Ақорданың баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

«Әлемдік тәжірибеге қарасақ, реформалар қолға алынған кезде жұртшылық оны көп жағдайда түсінбей, қабылдамай жатады. Ондай кезде барлық жауапкершілікті арқалай алатын көшбасшының рөлі айрықша. Мен Мемлекет басшысы ретінде осындай жауапкершілікті өз мойныма аламын. Болашақта да бұған дайынмын», – деді Президент.

Мемлекет басшысы реформалар жолы күрделі екенін жасырмай, алайда Қазақстан үшін одан басқа балама жоқ екенін атап өтті.

«Әрине, бұл кедергісі көп, қиын жол екенін түсінемін. Тарихта реформаторлардан гөрі басқыншылар мен популистердің аты көбірек қалып жатады. Бірақ, Қазақстан үшін басқа жол жоқ. Біз бір жерде тоқтап қалмай, алға қарай нық қадам басу үшін реформаларды қалайда жүзеге асыруымыз керек», – деді ол.

Президент азаматтардың әл-ауқатын қорғау мақсатында бірқатар шешім қабылданғанын айтты. Атап айтқанда, қыс мезгілінде тарифтердің өсуі уақытша тоқтатылып, бюджет қаржысын тиімді пайдалану міндеті қойылған.

«Экономикаға ақшаны орынсыз құя беруге болмайды, бұл инфляцияны күшейтіп жібереді. Қатаң бюджеттік тәртіп керек. Қаржы ресурстары мемлекетке қажетті жобаларға ғана жұмсалуға тиіс», – деді Мемлекет басшысы.

Сондай-ақ, өткен жылдың қараша айында Үкімет, Ұлттық банк және Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі бірлесіп, инфляцияны төмендетуге бағытталған үш жылдық бағдарлама қабылдағаны айтылды.

Президент халықаралық сарапшылар атап жүрген «орташа табыстар қақпаны» мәселесіне де тоқталды.

«Бұл – экономика туралы оқулықтан алынған жалпылама ұғым емес, күн сайын көптеген азаматымыздың басынан өтіп жатқан өмір шындығы», – деді ол.

Мемлекет басшысы зейнетақы жинағын пайдалану тәжірибесіне қатысты да пікір білдірді.

«Мен кезінде баспана алу, балалардың оқу ақысын төлеу, емделу үшін зейнетақы жинағын пайдалануға рұқсат беру туралы шешім қабылдадым», – деді Президент.

Сонымен қатар, бұл бағытта заңсыз әрекеттерге барған алаяқтар анықталғанын атап өтіп, кейбір медициналық қызмет түрлеріне шектеу қоюға тура келгенін айтты.

Сұхбатта бизнес өкілдерінің жағдайына да назар аударылды.

«Олар жұмыс орындарын ашып, салықтарын адал төлейді. Алайда, несие өсімінің жоғары болуы, айналымдағы қаражаттың аздығы олардың кең ауқымда дамуына мүмкіндік бермей тұр», – деді Мемлекет басшысы.

Президент экономиканың құрылымы өзгеріп жатқанын, бірақ бұл үдерістің қарқыны жеткіліксіз екенін де айтты.

«Халықаралық қаржы институттары мен рейтинг агенттіктерінің бағалауынша, елімізді бақуатты, тіпті, бай мемлекет деп атауға болады. Соған қарамастан, экономикамызда теңсіздіктер әлі де сақталып отыр», – деді ол.

Сөз соңында Мемлекет басшысы экономикалық теңсіздіктерді жоюға бағытталған нақты жоспар бар екенін және «өсім ауруы» мәселесі міндетті түрде шешілетінін айтты.

Оқи отырыңыз: Қазақстан жаңғырудың жаңа кезеңіне қадам басты - Қасым-Жомарт Тоқаев

Новости партнеров