Қазақстанда 5 мың шақырым су құбыры жаңғыртылады
Сондай-ақ 2,8 мың шақырым су бұру желісі жаңартылады
«Энергетикалық және коммуналдық секторларды жаңғырту» ұлттық жобасы аясында Қазақстанда 5 мың шақырымға жуық сумен жабдықтау желісін 700 млрд теңгеге және 2,8 мың шақырым су бұру желісін 400 млрд теңгеге жаңғырту көзделген, деп хабарлайды Almaty.tv.
Сонымен қатар жалпы құны шамамен 800 млрд теңгені құрайтын кәріз тазарту құрылыстарын салу және реконструкциялау бойынша 45 жобаны іске асыру жоспарланып отыр. Бұл туралы ОКҚ-дағы баспасөз конференциясында ҚР Өнеркәсіп және құрылыс министрлігі Құрылыс және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық істері комитетінің төрағасы Бақытжан Жүнісбеков мәлімдеді.
Оның айтуынша, қазіргі уақытта сумен жабдықтау желілерінің тозу деңгейі 38%-ды, ал су бұру желілерінікі 54%-ды құрайды.
«Ұлттық жобаны іске асыру нәтижесінде сумен жабдықтау желілерінің тозу деңгейін 2029 жылға қарай кезең-кезеңімен 33%-ға дейін, ал су бұру желілерінікін 41%-ға дейін төмендету күтілуде. Биыл сумен жабдықтау желілерінің тозуын 37%-ға, су бұру желілерінікін 52%-ға дейін төмендету жоспарланған», – деді спикер.
Қазіргі уақытта жалпы құны 356 млрд теңгені құрайтын 146 жоба іске асырудың түрлі кезеңдерінде.
Оқи отырыңыз: Туризм саласындағы жаңа талаптар: кәсіпкерлер нені білуі керек