Ыстанбұлда нөсерден екі адам қаза тауып, жүздеген үйді су басты

trthaber.com
trthaber.com

Қауіпсіздік мақсатында қаладағы мектептерде сабақ уақытша тоқтатылды

Жаңалықтармен бөлісіңіз

Түркияның Ыстанбұл қаласында толассыз жауған жаңбыр салдарынан көшелер мен үйлерді су басып, көлік қозғалысы қиындады. Табиғи апаттан екі адам қаза тапты. Қауіпсіздік мақсатында қаладағы мектептерде сабақ уақытша тоқтатылып, мотоциклдер мен басқа да екі дөңгелекті көліктердің қозғалысына шектеу қойылды, деп хабарлайды Almaty.tv.

Haberler басылымының жазуынша, нөсер жаңбыр 14 қазанда таңертең басталып, кешке қарай күшейген. Қаланың бірнеше ауданында жолдар су астында қалып, су үйлерге, сауда орындарына және көлік нысандарына кірген. Кей жерлерде көліктерді су ағыны алып кеткен. Метро станциялары мен жерасты өткелдеріне де су басу қаупі туған.

Түркиялық БАҚ хабарлауынша, су тасқыны салдарынан екі адам көз жұмған. Фатих ауданында 14 жастағы жасөспірім шалшық суды басып өткен кезде электр тогына түсіп қалған. Оны ауруханаға жеткізгенімен, өкінішке қарай, дәрігерлер аман алып қала алмаған.

Сондай-ақ 34 жастағы ер адам су басқан көшеден өтіп бара жатқан кезде тайып құлап, басын бордюрге соққан. Ол ауруханаға жеткізілгенімен, дәрігерлер аман алып қала алмады.

Мыңдаған оқиға бойынша хабар түскен

Ыстанбұл губернаторлығының мәліметінше, 14 қазанда сағат 06:00-ден 20:00-ге дейін төтенше қызметтерге 2 518 хабарлама түскен. Оның 1 277-сі су басуға, 15-і көшкінге, 47-сі адамдардың су құрсауында қалуына қатысты болған. Бұдан бөлек, ағаштардың құлауы мен шатырлардың ұшып кеткені жөнінде де хабарлар тіркелген.

Алдын ала мәлімет бойынша, 76 көлікке, 808 тұрғын үйге және 280 коммерциялық нысанға су басудан зиян келгені туралы ақпарат түскен.

Төтенше жағдайдың салдарын жоюға 8 мыңға жуық маман мен 2 мыңға жуық техника жұмылдырылған. Құтқарушылар су басқан аумақтардан адамдарды эвакуациялап, жолдар мен ғимараттардағы суды сорып шығаруға кіріскен.

Қала билігі 15 қазанда мемлекеттік және жекеменшік оқу орындарында сабақ өткізуді тоқтатты. Тұрғындарға аса қажет болмаса, үйден шықпауға, жерасты өткелдеріне, өзен арналарына және су басу қаупі бар аумақтарға жақындамауға кеңес берілді. Жертөледе тұратындарға қауіпсіздеу, жоғарғы қабаттарға уақытша көшу ұсынылды.

Жергілікті БАҚ хабарлауынша, кей ауданда жауын-шашын мөлшері соңғы 41 жылдағы ең жоғары көрсеткіштердің біріне жеткен. Қолайсыз ауа райына байланысты төтенше қызметтер күшейтілген режимде жұмыс істеп жатыр.

Оқи отырыңыз: Қазақстанда 5 мың шақырым су құбыры жаңғыртылады