Жасанды интеллект дәрігерлерге күрделі клиникалық шешімдерді қабылдауға септігін тигізіп отыр
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев медицина қызметкері күніне арналған салтанатты іс-шарада ЖИ мен цифрлық технологияларды медицинада қолданудың алғашқы нәтижелеріне назар аударды, деп хабарлайды Almaty.tv Ақорданың баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
"Қазақстан озық технологияларды барлық салаға, соның ішінде медицинаға белсенді түрде енгізе бастады. Бұл — заман талабы. Осы бастама қазіргі таңда отандық денсаулық сақтау саласын дамытуға тың серпін беріп жатыр десек, қате болмайды. Цифрлық технологияның арқасында диагностика жасау уақыты төрт есеге қысқарды. Сондай-ақ қатерлі ісікті анықтау көрсеткіші 30 пайызға артты", — деді Президент.
Сонымен бірге, жасанды интеллект дәрігерлерге күрделі клиникалық шешімдерді қабылдауға септігін тигізіп отыр.
"Бүгінде еліміздегі 1800-ден астам медициналық мекеме цифрлық форматқа көшірілді. Ақпараттық жүйелерді өзара байланыстыру, яғни, интеграциялау арқылы әкімшілік жүктеме 40 пайызға дейін төмендеді. Біз бұл бағыттағы жұмысты міндетті түрде жалғастыра береміз", — деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Оқи отырыңыз: Ақордада Президент медицина қызметкерлерін кәсіби мерекесімен құттықтады