Биыл ел бойынша 2,2 миллион гектар жер химиялық өңделеді
Қазақстанда шегірткеге қарсы өңдеу алқаптары азайып келеді. Ресми мәліметке сәйкес, биыл улау жұмыстарының көлемі 2024 жылмен салыстырғанда 31,5 пайызға қысқарған, деп хабарлайды Аlmaty.tv.
Ең үлкен төмендеу Қостанай, Ақмола және Ақтөбе облыстарында тіркеліп отыр. Мамандардың айтуынша, өңдеу көлемінің азаюына байланысты бұл салаға бөлінетін бюджет те 15 пайызға қысқарған. Соған қарамастан, биыл ел бойынша 2,2 миллион гектар жер химиялық өңделеді. Науқанға 532 арнайы дәрі бүріккіш техника, 3 400 маман және 57 зерттеу дроны жұмылдырылады. Бұл шегіртке ошақтарын ерте анықтап, зиянкестердің таралуына жол бермеуге мүмкіндік береді
«Биыл 2,2 млн гектарды жоспарлап отырмыз. Оның көп бөлігі Италияндық «прус» шегірткесінің таралу аймағы. Сондай-ақ Марокко шегірткелері Түркістан, Жамбыл облысында қоныстанған. Ал басқа облыстарда Италияндық «прус» және Азия шегірткесі таралып отыр», – деді ҚР Ауыл шаруашылығы вице-министрі Ермек Кенжеханұлы.
Шегірткелердің шекарааралық таралуына жол бермеу үшін еліміз көршілес мемлекеттермен бірлескен бақылау жұмыстарын күшейтті. Қазіргі таңда Өзбекстан және Қырғызстан мамандарымен ортақ зерттеу жүргізілген. Нәтижесінде шекаралас аумақтардан шегіртке ошақтары анықталмаған. Ал Ресей және Қытаймен бірлескен тексеру жұмыстары мамыр айының соңына жүргізіледі.
Оқи отырыңыз: Алматыда «Алматы Жастары» бағдарламасына өтінім қабылдау 1 маусымда басталады