Қазақстанда сталкинг қылмыс деп танылғалы бері 46 адам сотталған

Бүгінге дейін 176 қылмыстық іс қозғалған

Жаңалықтармен бөлісіңіз

Қазақстанда сталкинг қылмыс деп танылғаннан бері 46 сталкер сотталған. Бұл туралы Сенат кулуарында Бас прокурордың орынбасары Ерлан Өтегенов айтты, деп хабарлайды Almaty.tv.

Оның сөзінше, бүгінге дейін 176 қылмыстық іс қозғалған. Сондай-ақ ол сталкердің құрбаны болған 21 жастағы Нұрай Серікбайдың ісіне қатысты да пікір білдірді.

Журналистер Ерлан Өтегеновтен бойжеткенді өлтірді деген күдіктінің неліктен мәжбүрлі психиатриялық емдеуге жіберілгенін сұрады. Ол бұл сараптаманы жүргізу қажет екенін жеткізді.

«Нұрай ісіне тоқталсақ, сараптаманың бұл түрі — аса ауыр қылмыстарды тергеу аясында жүргізілуі тиіс міндетті сараптама. Қазір бұл сараптама жүргізілді. Менің білуімше, оның қорытындысы тергеушінің қолында бар», – деді ҚР Бас прокурорының орынбасары Ерлан Өтегенов.

Бұған дейін марқұм Нұрайдың ағасы Сұлтан Серікбай «күдікті өзін психикалық ауытқуы бар адам ретінде көрсетіп, жауапкершіліктен жалтаруға тырысып жатыр» деген еді. Ішкі істер министрінің бірінші орынбасары Бауыржан Әленов бұл мәлімдемеге қатысты пікір білдірді.

Оның айтуынша, күдікті Алматы облысындағы Ақтас қаласында психиатриялық сараптамадан өткізіліп жатыр. Ол жазадан құтылмайтынын айтты.

«Ол бір ай ішінде сараптамадан өтеді. Оның қорытындысына сәйкес, қылмыстық іс сотқа жолданады. Күдікті заң алдында жауапкершілікке тартылады. Бұл жөнінде ешқандай күмән болмасын», – деді ҚР Ішкі істер министрінің бірінші орынбасары Бауыржан Әленов.

Оқи отырыңыз: Атадан мұра: Алматыда Нұрғиса Тілендиевті еске алу кеші өтті

Новости партнеров