Қазақстанда суррогат ана қызметінің құны қанша

11.08.2026 20:10

Енді шетел азаматтары Қазақстанда суррогат ана қызметіне жүгіне алмайды

Қазақстанда әрбір алтыншы отбасы перзентке зәру. Бірі ЭКО әдісіне жүгінсе, енді бірі суррогат ана қызметін сәби сүюдің соңғы мүмкіндігі ретінде көреді. Ал мұндай бағдарламаның құны 15,5 миллион теңгеге дейін жетеді, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.

Кейіпкеріміз камера алдына шығуға келісті. Бірақ есімін де, жүзін де жасыруды сұрады. Жақындары оның суррогат ана болғанын білмейді. Оның айтуынша, мұндай шешімге қаржылық қиындық итермелеген.

«Себебі қаражат өте қажет болды. Айлық табысыммен отбасымды асырай алмадым. Бірінші жарна 250 мың. Ай сайын беріп отырды. Менің жағдайымды жасап, барлық дәрілерімді көтеріп, киімдерімді алып беріп отырды. Толық сумма өтелді», – деді суррогат ана.

 Суррогат ананың көмегіне көбіне денсаулығына байланысты бала көтере алмайтын әйелдер жүгінеді. Ал бағдарламаның құны 9,8 миллионнан басталып, 15,5 миллион теңгеге дейін жетеді. Әлемде бұл қызметке көзқарас әртүрлі. Германия, Франция, Италия мен Испанияда тыйым салынса, Қазақстанда заңмен реттеледі.

«Қазақстанда суррогат ана болуға заң жүзінде рұқсат берілген. Оған жол берілген. Бұл мәселе «Неке ерлі-зайыптылық және отбасы туралы» кодекстің 9-тарауында нақтыланған. Суррогат ана болу үшін ең бірінші міндеттеме ананың денсаулығы жақсы болуы керек. Заң бойынша оның жасы 20 мен 35 аралығында болуы тиіс», – деді заңгер Салтанат Көпжасарова.

 Заң рұқсат бергенімен, мәселенің моральдық және діни қырына қатысты пікір бөлек. Исламда бөтен әйелдің ерлі-зайыптылардың эмбрионын құрсағында көтеруіне жол берілмейді. Дін өкілдері мұны ұрпақтың тегі мен отбасылық қатынастарға байланысты қағидалармен түсіндіреді.

«Құрсақ ананың жатырына салынатын жасуша, ер мен әйелдің арасында неке болмағандықтан одан туылған бала да, некесіз бала болып есептеледі. Ол нәрсе дінімізде қатаң тыйым салынады. Шариғатта тек ер мен әйелдің арасында неке болған жағдайда ғана одан туылған бала пәк, адал, таза болып есептеледі», – деді имам Хамит Ишан.

 Бұл салаға қатысты талап та күшейіп келеді. Енді шетел азаматтары Қазақстанда суррогат ана қызметіне жүгіне алмайды. Мұндай шектеу әйел мен баланың құқығын қорғап, коммерциялық тәуекелдердің алдын алуға бағытталған.

Ал перзент күткен қазақстандық отбасылар үшін бұл мүмкіндік заң аясында сақталады.

Нұркен Әкімхан, Түркістан облысынан

Оқи отырыңыз: Әйелдерге арналған «Ұмай» ипотекасы тамыз айының соңында іске қосылады

Толық көрсету