Қазақстандық оқушылар дрон спортынан АҚШ-та өткен екі жарыста үздік бестікке енді

22.10.2026 12:49

Дрон-футболдан Қазақстан құрамасы алты елден қатысқан 16 команданың арасында 5-орын алды

ҚР Оқу-ағарту министрлігі

Қазақстандық оқушылар АҚШ-та өткен дрон спорты бойынша халықаралық жарыстарда жоғары нәтижелер көрсетті. 12 жастағы Әлихан Нысанбаев MultiGP World Championship 2026 әлем чемпионатында бесінші орын иеленсе, дрон-футболдан Қазақстан ұлттық құрамасы USA Drone Soccer International Cup 2026 турнирінде үздік бестікке енді, деп хабарлайды Almaty.tv.

Даллас қаласында өткен әлем чемпионатына 44 елден 830 спортшы қатысып, олардың 69-ы іріктеу кезеңінен өтті. Іріктеу ұшуларының қорытындысы бойынша Әлихан Нысанбаев 12 финалистің қатарына еніп, бесінші орынға ие болды. Жас спортшы Орал қаласындағы облыстық техникалық шығармашылық орталығында білім алады және «Aspan» командасының мүшесі. Оның жаттықтырушылары - Қайсар Есенғали мен Андрей Тишин.

Лонг-Бич қаласында өткен дрон-футболдан халықаралық турнирде Қазақстан құрамасы алты елден қатысқан 16 команданың арасында бесінші орын алды. Еліміздің намысын Орал және Атырау қалаларынан келген Наурызбек Есетов, Алдияр Бауыржан, Әлихан Нысанбаев және Әлтаир Әбілғазиев қорғады.

Құраманы жарысқа Қайсар Есенғали, Нұрбол Қырықбаев, Дидар Сахратов және Александр Шимановский жаттықтырды.

Қазақстанда дрон спорты бойынша жарыстар өңірлік, облыстық және республикалық деңгейлерде өткізіледі. Бұл жарыстар дарынды оқушыларды анықтауға, олардың инженерлік ойлау қабілетін дамытуға, робототехника мен заманауи технологияларға қызығушылығын арттыруға, сондай-ақ жас спортшыларды халықаралық чемпионаттарға дайындауға мүмкіндік береді.

Оқи отырыңыз: Алматыда Республика күніне орай ауқымды іс-шаралар өтеді

Толық көрсету