Қазақстандықтарға ұшаққа домбыра алып кіруге рұқсат берілуі мүмкін

Ережеде аспаптың көлеміне ерекше назар аударылады

Жаңалықтармен бөлісіңіз

Қазақстандықтарға мамыр айынан бастап ұшаққа домбыра алып кіруге рұқсат берілуі мүмкін. Қазір музыкалық аспаптарды әуе арқылы тасымалдау заңнамалық тұрғыда реттеліп жатыр, деп хабарлайды Almaty.tv.

Бұл мәселе жолаушылар әсіресе домбыраны алып жүру кезінде жиі қиындықтарға тап болатынын айтып шағымданғаннан кейін қарала бастаған. Мұны Сенат кулуарында Көлік вице-министрі Талғат Ластаев айтты. Сөзінше, құжатта музыкалық аспапты қандай тәртіппен тасымалдауға болатыны нақты жазылады. Ережеде аспаптың көлеміне ерекше назар аударылады. Мәселен, қандай жағдайда оны салонға алып кіруге болатыны, ал қандай кезде жүк ретінде тапсыру қажет екені көрсетілуі мүмкін. Одан бөлек, жолаушылар үшін алдын ала әуе компаниясын хабардар ету тәртібі де енгізілуі ықтимал. Вице-министр қазір бұл мәселе жан-жақты талқыланып жатқанын жеткізді.

«Жаңа ереже барлық әуе компанияларына ортақ болады. Шындығында, қоғам тарапынан сұраныс бар, музыкалық аспаптарды тасымалдауға қатысты нақты кейстер болған. Сондықтан жалпы ереже болуы үшін және әуе компаниялары оған сүйене алуы үшін Азаматтық авиация комитеті осы бағытта белсенді жұмыс істеп жатыр», – деді ҚР Көлік вице-министрі Талғат Ластаев

Оқи отырыңыз: Таяу Шығыстағы ахуал әуе билеттерінің бағасына әсер еткен жоқ - Талғат Ластаев

Новости партнеров