Green Science KZ жобасын 11 зертханасы бар Ботаника және фитоинтродукция институты іске қосып, жолға қойды
«Көгалдандыру ісінде де ғылымның мүмкіндігін пайдаланған жөн». Green Science KZ жобасын іске қосқан Алматыдағы Ботаникалық бақтың қызметкерлері осылай деді. Олар тың бастама арқылы белгілі бір аймаққа жаңадан егілетін ағаш пен бұтаны енді ғылыми зерттеу жұмысының нәтижелеріне сай таңдауды көздеп отыр, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.
Green Science KZ жобасын 11 зертханасы бар Ботаника және фитоинтродукция институты іске қосып, жолға қойды. Демек орталықта ағаш пен бұтаның қай түрі еліміздің климатына сай келетіні әрі ауа сапасын жақсартуға көмектесетіні зерттеледі. Қазақстанның әр өңірінде көгалдандыру ісі ғылыми тәсілмен жүргізіледі. Мәселен Алматының ауа райына төзімді 380-нен аса өсімдік атауы бар. Мамандардың айтуынша, тізімге енбегені жергілікті климатқа сай келмейді. Бірақ олардың түрлері жиі зерттеліп отырады.
«Ақтөбе, Орал, Атырау, Ақтау қалаларына қатысты ақпарат жинадық. Зерттеу жүргізілді. Ендігі жоспар – осы аймақтардағы көгалдандыру ісін жүйелі ету. Яғни, бұл өңірлер үшін тиімді әрі төзімді өсімдіктердің түрін ұсынамыз», – деді Ботаника және фитоинтродукция институтының бас директоры Гүлнар Сейітбаева.
Жоба аясында коммуналдық қызметте, әкімдік пен ұлттық парктерде жұмыс істейтін мамандар оқытудан өтеді. Оларға өсімдік түрін қалай таңдау керек екені түсіндіріліп, күтіп-баптау әдісі үйретіледі. Сол арқылы жаңадан егілген көшеттердің дұрыс өсуіне жағдай жасалады. Қызығы сол, қазір бастамаға қажеттінің барлығы арнайы бөлмелерде сақтаулы тұр. Орталықта 5 мыңнан аса өсімдіктің тұқымы бар. Бастысы, заманауи тәсілдер арқылы өскінді зерттеу ісі айтарлықтай жеделдетіліп отыр.
«Зертхана ашылмай тұрып, институт мамандары өсімдіктерді қарапайым әдіспен зерттеп келген. Өзгеріс енгізілгеннен кейін, ағаш пен бұтаны тереңірек талдауға мүмкіндік туды. Қазір өсімдіктерді ДНҚ деңгейінде сәйкестендіруге болады. Бұл – ең сенімді әдіс», – деді Молекулалық генетика және өсімдіктер биотехнологиясы зертханасының меңгерушісі Лаура Шадманова.
Пилоттық жоба Ұлытау облысында да жүзеге асырылмақ. Іске жергілікті тұрғындарды тарту көзделіп отыр. Ал екі жыл ішінде ғылыми қызметкерлер бұл өңірден 500-ден аса өсімдік әкеліп үлгерген.
Атап өтейік,ел аймақтарының барлығында бастама аясында уақытша емес, ұзақ мерзімді ағаш, бұталардың саны артады.
Рүстем Айткәрім, Хангелді Ахметхан
Оқи отырыңыз: Алмалы ауданы көркейе түспек: Дархан Сатыбалды жауаптыларға тиісті тапсырма берді