Орталық тәулігіне 1500-дей баланы қабылдайды
Жаңаөзен қаласында алғаш рет заманауи оқушылар сарайы ашылды. Орталық жастарды білім-ғылымға баулитын орын болмақ. Мұндай мәдени нысан бұрын қалада болмаған. Жаңа ғимараттың ашылуына билік өкілдері мен жергілікті жұртшылық, ардагер ұстаздар қатысты, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.
«Болашақ сарайы» – жастардың жан-жақты дамуына жағдай жасайтын білім ордасы. Мұнда оқушылар ғылыммен, шығармашылықпен, өнермен айналысады. Ол тәулігіне 1500-дей баланы қабылдайды. Мұнда робототехника, IT саласы, биология, химия пәндерінің лабороториялық кабинеттері, кітап оқуға арналған алаң, шетел тілдерін меңгерту кабинеті, акт зал, хареография, гимнастика залы, тігін өнері, қолөнер үйірмесі қарастырылған. Сондай-ақ жанында ағаш, тас бұйымдарымен айналысатын арнайы құрал-жабдықпен қамтылған шеберхана бар.
«Мен болашақта IT маманы болып,программалар жасағым келеді. Болашақта балаларды дамытуға арналған ойындар жасағым келеді. Ағайыммен бірге python программасы арқылы кодтар жазуды үйреніп жатырмын», – деді оқушы Айхан Бегеніш.
«Швейцарияда қонақжайлық және бизнес менеджмент мамандығын меңгеріп келдім. 3,5 жыл оқып, бакалавр дипломын алдым. Шетелде оқудың қызығушылығын ояту, қиыншылықты жеңу үйреткім келеді», – деді «Болашақ оқушылар сарайы» МКҚК өкілі Рамазан Құрманбаев.
«Болашақ сарайына» мектеп жасындағы балалар қабылданады. Үйірмелердің кейбірі ақылы, енді бірі тегін болмақ. Балаларды дамыту бағытында кәсіби білікті мамандарды тарту көзделіп отыр. Өтінімдер ақпан айынан бастап қабылданады. Әзірше дайындық жұмыстары жүріп жатыр.
«Қаламыздан техникалық пәндер бойынша облыстық, республикалық кезеңге жолдама алған оқушыларды дайындағымыз келеді. Мақсатымыз – білімге қызықтырып, жетілдіру, Шет тілдерін үйрену кабинеті бар. Ол жерден тек тілдерді меңгертіп қоймай, шет елдерге жолдама беру жүзеге асады», – деді «Болашақ оқушылар сарайы» МКҚК директорының міндетін атқарушы Ерлан Мұхаммед.
Шара аясында жаңаөзендік жастар да марапатталды. Робототехника, өнер, спорт бағытында республикалық, халықаралық жарыста жеңіске жеткен жастарға алғыс хат табысталды.
Айта кетейік, жаңа нысанға жаңа автокөліктің кілті де берілді.
Оқи отырыңыз: Қазақстанның әр өңірінде көгалдандыру ісі ғылыми тәсілмен жүргізіледі