Қазақ тілі – қазығым: Алматыда өзге ұлт өкілдері арасында тіл байқауы өтті

Үш кезеңнің нәтижесі бойынша қазылар алқасы үздіктерді анықтайды

Жаңалықтармен бөлісіңіз

Қазақ тілін еркін меңгерген өзге ұлт өкілдері білімін ортаға салды. Алматыда 8-10-сынып оқушылары арасында «Қазақ тілі – қазығым» байқауы өтті. Додаға орыс, қырғыз, әзербайжан, ұйғыр ұлтынан 14 оқушы қатысып, бірнеше кезең бойынша бақ сынады, деп хабарлайды Almaty.tv.

«Байқау тілдер мерекесіне орай өткізіліп жатыр. Тіл мерекесі жыл сайын 5-қыркүйекте аталып өтеді. Одан кейін әрі қарай 1 ай жалғасады. Сондықтан тіл мерекесі аясында түрлі іс-шаралар, түрлі мерекелер, түрлі байқаулар өткізіледі. Соның ішінде мынау «Қазақстан – ортақ шаңырағымыз» фестивалі аясында «Қазақ тілі – қазығым» атты байқау ұйымдастырылып отыр», – деді Ішкі саясат басқармасы «Қоғамдық келісім» КММ директорының орынбасары Жәнібек Нәлібаев.¤

«Тіл білу – бөлек әңгіме. Ал сол тілде сөйлеген ұлттың тұтас рухани жан дүниесін көрсете алуы – бөлек әңгіме.  Сондықтан бұл жерде барлығы қаралады. Жай ғана сөйлегеніне қарап емес, өнеріне, өзін таныстыруы, тұтас болмысына, шынайылығына қарап бағаланады», – деді Дүниежүзі қазақтарының қауымдастығы филиалының басшысы Шоқан Мұратхан.

Үш кезеңнің нәтижесі бойынша қазылар алқасы үздіктерді анықтайды. Жүлдегерлерге ұялы телефон мен құлаққап сынды бағалы сыйлықтар табысталады.

Ал мұндай байқаулардың басты мәні – жасөспірімдердің қазақ тіліне деген қызығушылығын арттыру арқылы тіл мәртебесін күшейтіп, оны күнделікті өмірде еркін қолдануына мүмкіндік беру.

Оқи отырыңыз: Қала күніне орай 1000 жас суретші бір мезетте Алматыны бейнелейді