Қазақы тазының тұқымын көбейту: Алматыда иттер көрмесі өтті
Онда 50-ге жуық қазақтың асыл тұқымды құмай тазысы көрерменнің көзайымына айналды
Алматыда Республика күніне орай «Қазақы тазы» атты моно тұқымды иттер көрмесі және «Қазақстан кинологтар одағының Кубогы» өтті. Оған тұрпаты бөлек, тұқымы ерек 200-ге жуық ит қатысты. Іс-шара шымылдығы мың бұралған бишілердің әсем биімен ашылып, әрмен қарай көпшілік көптен күткен көрме басталды. Онда 50-ге жуық қазақтың асыл тұқымды құмай тазысы көрерменнің көзайымына айналды. Бітімі ерек, жанары өткір тазылар арнайы алаңда кезек-кезек жүріп өтіп, айрықша қасиеттерін көрсетті. Ал, қазылар алқасы әрбір иттің жүріс-тұрысына, тұлғалық бітіміне, тіпті жүнінің күтіміне дейін бағалады. Әсіресе тазыларға қойылған талаптың деңгейі биік болды. Себебі бұл іс-шараның басты мақсаты - Қазақстан кинологтар одағының тұқымдық кітабына енген тазылар санын арттырып, ұлттық тұқымды көбейту, деп хабарлайды Almaty.tv.
"Тазы деген ең бастысы жүйрік болу керек, сосын жүректі болуы керек. Енді азулы аңдарға түскен кезде ол тойтарыс беруі мүмкін ғой. Шибөрі, борсық, түлкінің өзі де оңай емес қасқырды айтпағанда. Сол жағынан бағалаймыз. Іздеу қабылеті болу керек тазыда", - деп айтты көрме қатысушысы Айбол Алпысбаев.
"Біз қазақы тазы иттерімізді насихаттап, дәріптеп олардың деңгейін көтеріп осындай көрмелерге қатыстыруы мақсат тұтамыз. Олар өздерінің титулдарын және қосымша көптеген жеңістерін атап шығады және ары қарай осы иттерден Қазақстан чемпиондары шығып, болашақта күшіктер алған кезде міндетті түрде біз оларды өзіміздің тұқымдық кітабымізге тіркейміз", - деп түсіндірді Қазақстан кинологтар одағының жауапты хатшысы Іңкәр Болысбай.
Оқи отырыңыз: Республика күніне орай алматылықтар жүрекжарды тілектерін білдірді