Қоғамдық палата: депутаттар мен сарапшылар арасында тікелей диалог орнамақ
Бұл институттың негізгі міндеттерінің бірі – заң жобаларына қоғамдық және сараптамалық зерделеу жүргізу
Құрылтай жанынан 50 адамнан тұратын Қоғамдық палата құрылады. Бұл институт – депутаттардың сарапшылармен, ғылыми қауымдастықпен, азаматтық қоғам, кәсіби бірлестіктер және өңірлердің өкілдерімен тікелей диалог жүргізетін тұрақты жұмыс алаңы болмақ, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.
Оның негізгі міндеттерінің бірі – заң жобаларына қоғамдық және сараптамалық зерделеу жүргізу. Депутат Айдос Сарымның айтуынша, бұл заңды әзірлеу кезеңінде кәсіби ұсынымдарды, балама ұстанымдар мен ұсыныстарды ескеруге мүмкіндік береді. Қоғамдық палатаның жұмысы ашық болады. Оған қосымша қаражат бөлінбейді. Құрылтайға жұмсалатын жалпы қаражаттың құрамына енеді.
«Құрылтайдағы ең үлкен проблеманың бірі – балама сараптама. Үкіметтің өзінің ғылми институттары бар. Олар алдын ала көптеген мәселені талдайды Парламентаризм институты бар, онда 60 адам жұмыс істейді. Оның да әлеуеті көп нәрсеге жете бермейді. Сондықтан сарапшылардың, аймақтардың келуі біздің әлеуетімізді арттырады. Біздің Үкіметпен дәлелді, сараптамалық негізде пікір таластыруға мүмкіндік береді», – деді ҚР Құрылтай депутаты Айдос Сарым.¤
Қоғамдық палатаның жұмысы заң жобаларымен ғана шектелмейді. Оның алаңында елдің қоғамдық-саяси және әлеуметтік-экономикалық дамуына қатысты өзекті мәселелер талқыланады. Депутаттар мұндай институт заң шығару жұмысын неғұрлым ашық әрі мазмұнды етуге, азаматтардың нақты сұраныстарына жауап беретін заңдардың сапасын арттырады деп сенеді. Палатаны құру кезінде халықаралық тәжірибе зерделенген. Лаура Қарабасованың айтуынша, белгілі бір заңдар бойынша шетелдік сарапшылардың көмегі қажет болса, оларды шақыртуға мүмкіндік бар екен.
«Бұл жерде белгілі бір мемлекеттің тәжірибесін алуға тырысқан жоқпыз. Құрылтайдың алдындағы міндеттерге қатысты, елді басқару жүйесінің ерекшелігіне байланысты өзімізге қажетті, тән модельді қалыптастыруға тырыстық», – деді ҚР Құрылтай депутаты Лаура Қарабасова.
Оқи отырыңыз: Стамбұлда VII Халықаралық түркітілдес журналистер медиафорумы өз жұмысын бастады