Қонаевта Халықаралық медициналық университет бой көтереді

19.12.2025 19:11

Жаңа жоғары оқу орнының құрылысы келер жылы қаңтарда 100 гектар аумақта басталады

Қонаев қаласында Халықаралық медициналық университет бой көтереді. Бүгін жоба жетекшілері мен инвесторлар баспасөз жиынын өткізіп, жоспардағы жұмыспен таныстырды. Жаңа оқу орны республика бойынша ең ірі білім беру және медициналық инфрақұрылым болады, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.

Жаңа жоғары оқу орнының құрылысы келер жылы қаңтарда 100 гектар аумақта басталады. Халықаралық университет 60 мыңнан астам студентті қабылдауға қауқарлы. Онда оқу ғимараттары, жатақханалар, сондай-ақ білім мекемесі базасында клиника мен аурухана салынады. Кешенде шамамен 300 аудитория, 200 зертхана, 30 конференция және лекция залы, мыңға жуық оқытушы кабинеті қарастырылған. Сонымен қатар мектептер, балабақшалар, сауда-ойын-сауық орталығы және әлеуметтік-тұрмыстық нысандар бой көтермек.

«Инвесторлар келді, соңғы этапқа қол қойып, 26 қаңтарда құрылыс басталады. Бес, жеті жылда аяқталады деп жоспарлап отырмыз.  Инвестиция көлемі Қонаев қаласы бойынша 2 миллиард доллар, ал Астана және Ақтау қалалары бар, жалпы 4,5 миллиард доллар», – деді жоба үйлестірушісі Берік Сайранбекұлы.

Кампус халықаралық экологиялық стандарттарға сай әзірленіп, Біріккен Ұлттар Ұйымының қағидаттарына және еліміздің климаттық жағдайына сәйкес салынбақ. Жобаны іске асыру Қонаев қаласын жаңа білім, ғылым және медицина орталығы ретінде қалыптастыруға серпін бермек. Сондай-ақ инвесторлардың сөзінше, жаңа аумақ туризмді дамытуға да айтарлықтай үлес қосады.

«Медициналық туризм дамиды, сәйкесінше, бұл – ел үшін қосымша табыс. Өзбекстан, Қырғызстан, Мәскеуден науқастар келеді, сондықтан экономика үшін маңызды жобаның бірі деп айтуға болады. Ал инвестиция құю үшін Қазақстанды таңдау себебіміз, аумақ Азия мен Еуропаны, ТМД елдерін жалғап отыр. Мұның да стратегиялық маңызы бар», – деді Инвестициялық компанияның негізін қалаушы Махендра Джоши.

Жоба аясында жер телімінің 90 пайызы көгалдандырылмақ. Оның шеңберінде аумағы шамамен 50 гектар саябақ салынады. Сонымен қатар құрылыс кезінде қазақ халқының тарихи-мәдени мұрасы — балбал тастар мен мүсіндік инсталляциялар пайдаланылады.

Гүлмарал Изатқызы, Думан Дәулетбақұлы

Оқи отырыңыз: Қала келбеті: Алматылық оқушы ауадан су өндірудің оңтайлы жолын тапты