Қостанайда заңсыз несие беріп, 1 млрд теңгеден астам табыс тапқан тұрғын сотталды

Жылдық мөлшерлеме кей жағдайда 120 пайызға дейін жеткен

Жаңалықтармен бөлісіңіз

Қостанайда заңсыз микрокредиттік қызметпен айналысып, қылмыстық жолмен 1 миллиард теңгеден астам табыс тапқан тұрғынға сот үкімі шықты, деп хабарлайды Аlmaty.tv тілшісі.

Тергеу мәліметінше, ол тиісті лицензиясыз мүлікті кепілге қабылдап, қаржылық қиындыққа тап болған азаматтарға жоғары пайызбен қарыз беріп келген. Жылдық мөлшерлеме кей жағдайда 120 пайызға дейін жеткен. Клиент тарту үшін әлеуметтік желілерге жарнама орналастырған. Соның нәтижесінде 50-ден астам адам өздері үшін тиімсіз келісімшарттарға қол қойған.

«Тергеу барысында күдіктінің қаржылық қиындыққа тап болған және банктерден несие ала алмаған азаматтарға жылдық мөлшерлемесі 120 пайызға дейін жететін жоғары пайызбен қарыз бергені анықталды», – деді ҚР Қаржылық мониторинг агенттігі басқармасының басшысы Салтанат Көшербаева.

Сот үкімімен айыпталушы 2 жыл 8 айға бас бостандығынан айырылды.

Сондай-ақ төрт пәтер, екі жер телімі және бірнеше автокөлік мемлекет кірісіне тәркіленді.

Үкім заңды күшіне енген жоқ.

Оқи отырыңыз: Халықаралық іздеуде жүрген күдікті Грузиядан елге жеткізілді