Есіл жағалауы жаңғыртылып, тұрғындар үшін қауіпсіз кеңістік жасалады
Петропавлда Есіл өзенінің жағасы нығайтылып жатыр. Себебі мұндағы кейбір учаскелерде топырақтың опырылуы күшейген, деп хабарлайды Аlmaty.tv тілшісі.
Әсіресе Жеңіс саябағындағы жағалау жыл сайын шайылып жатыр. Соның салдарынан аумақтағы инфрақұрылым мен тұрғындардың қауіпсіздігіне қауіп төніп тұр. Апатты учаскелерді бекітуге қазынадан шамамен 660 миллион теңге қарастырылған.
«Мына жерде жағалаудың шетінен жарты метрлік жарықшақ болған. Мен оның кез келген сәтте опырылатынын сезгенмін. Жаздың алғашқы айларында мына тұсы да құлап түсті. Бұл жер өте қауіпті. Өзім де жағалауға жақындауға қорқамын. Біріншіден, жаға өте тік, опырылу адам денсаулығына зиян келтіруі мүмкін. Ең қорқыныштысы – жағалаудың біртіндеп қалаға қарай жақындап келе жатқаны», – деді қала тұрғыны Татьяна Павельева.
Қазір мердігер ұйымдар апатты аймақтарды арнайы инженерлік конструкциялармен бекітіп жатыр.
Сонымен қатар жаңбыр және еріген қар суларын бұрып әкететін су бұру жүйесін орнату жұмыстары аяқталуға жақын.
Мамандардың айтуынша, бұл шаралар жағалаудың одан әрі шайылуына жол бермейді. Ал абаттандыру толық аяқталған соң мұнда қауіпсіз алаңдар салынады. Бұл тұрғындардың табиғат аясында емін-еркін демалуына жағдай жасайды.
«Жеңіс саябағынан «Солнечный» шипажайына дейін ұзындығы 300 метр болатын ашық нөсер кәріз жүйесі салынды. Сондай-ақ кәріз сорғы стансасы орнатылды. Қазір мердігер ұйым жағалаудың опырылып, топырағы сырғыған учаскелерін бекіту жұмыстарын жүргізуде. Бұл үшін болат тіректер, швеллерлер, арнайы қалқандар мен геотор қолданылады. Кейіннен топырақпен қайта толтыру жұмыстары жүргізіледі», – деді ТҮКШ, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің баспасөз хатшысы Бердімұрат Баймұқанұлы.
Оқи отырыңыз: Қостанайда заңсыз несие беріп, 1 млрд теңгеден астам табыс тапқан тұрғын сотталды