Қостанайда жеке сектордың орнына көпқабатты тұрғын үйлер салынуы мүмкін

Қала әкімдігі тұрғындардың келісімінсіз ешбір үй сүрілмейтінін айтты

Жаңалықтармен бөлісіңіз

Қостанайда жеке сектор түгел сүріліп, орнына көпқабатты тұрғын үй кешені салынуы мүмкін. Қаланың қақ ортасындағы шағынаудан тұрғындары қонысымыздан айырылып қаламыз ба деп алаңдаулы. Себебі мұнда заманауи келбетке сай зәулім тұрғын үй кешендерін салу жоспарланған. Алайда әкімдік тұрғындардың келісімінсіз ешбір үй бұзылмайтынын мәлімдеді, деп хабарлайды Аlmaty.tv тілшісі.

Қостанайдың қақ ортасындағы жеке тұрғын үйлер орналасқан аумақты біртіндеп көпқабатты баспаналар алмастырып келеді. Қала келбеті жаңарғанымен, бұл мәселе қоғамда қызу талқылануда. Себебі тұрғындардың басым бөлігі бұл үйлерде бұрыннан тұрады және ұрпақтан-ұрпаққа жалғасқан шаңырақтарынан көшкісі келмейді.

«Мен үйімді сатқым келмейді. "Нарық бағасымен сатып жіберіңіз" дейді. Бірақ мен осы шаңырақта өмір бойы тұрып келемін. Балаларым – осы жерде өсіп жатқан бесінші ұрпақ. Бұл үйдің біз үшін ақшамен өлшенбейтін құндылығы бар. Соны түсінсе екен дейміз», — деді қала тұрғыны Вадим Бурлаков.

Әкімдік өкілдерінің айтуынша, тұрғындардың алаңдауына негіз жоқ. Меншік иесінің келісімінсіз ешбір үй мен жер телімі күштеп алынбайды. Бұл аумақта тұрғын үй кешендерін салуға қатысты келіссөздерді құрылыс компаниялары мен меншік иелері жүргізеді. Ал мектеп, балабақша немесе инженерлік инфрақұрылым сияқты әлеуметтік маңызы бар нысандар қажет болған жағдайда ғана жер телімдері заң аясында мемлекет мұқтажы үшін сатып алынуы мүмкін.

«Мәжбүрлеп үй бұзу немесе жер телімдерін алып қою мәселесі қарастырылып отырған жоқ. Мұндай рәсім тек мемлекеттік қажеттілік туындаған жағдайда ғана жүзеге асырылады. Қазір 110/10 киловольттық электр қосалқы стансасын салу қажеттілігі бар. Осыған байланысты қала құрылысы жобасы әзірленіп, оның шекарасы белгіленді. Қоғамдық талқылаудың мақсаты – тұрғындардың пікірін тыңдап, ұсыныстарын ескеру», — деді Қостанай қаласы әкімдігі Сәулет және қала құрылысы бөлімінің басшысы Гүлсара Құрманғалиева.

Жоспарға сәйкес, бұл аумақта жаңа мектеп, балабақша, электр қосалқы стансасы, қазандық және инженерлік желілер салынады. Демек жоба тек тұрғын үй құрылысымен шектелмей, тұтас шағын ауданның инфрақұрылымын жаңартуды көздейді. Әкімдік өкілдері бұл бастамалардың жүзеге асуы қаржыландыру көлеміне байланысты екенін айтты.

Әйкерім Пернебек, Елисея Томашевская, "Алматы" телеарнасы, Қостанай

Оқи отырыңыз: Ақтөбеде бау-бақша тұрғындарының мәселесіне әкімдік жауап берді