Тұрғындар айналаға жайылған кәріз суы экологиялық апат тудырып отырғанын айтады
Атырау іргесіндегі шағынаудан тұрғындары шенеуніктерден ескірген кәріз құбырларын ауыстырып беруді талап етеді. Өйткені, тоз-тозы шыққан желі жарылып кетті, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.
Жер-жерге тараған сасық су тұрғындарды әбден қажытқан. Мүңкіген иістен жұрт сыртқа шығудан қалдық деп күйінеді. Сорақысы, 2 күннің бірінде ұл-қыздарының іші ауырып, қарт кісілердің қан қысымы көтеріледі.
«Әбден қиналып біттік. Сұмдық қой енді. Қанша шыдауға болады. Шаршадық. Үлкен кісілер бар. Балаларға обал ғой. Бір жағынан денсаулығымызға зиян келтіріп жатыр. Сасық су жиналып, біздің үйдің фундаментіне әсер етіп жатыр», – деді қала тұрғыны Абай Шамилев.
«Нәжіс суы ағып, кедергі келтіріп тұр. Ластанып, бақаның дауыстарына дейін естіліп ауладағы жүрген бала-шағамызға бәріне әсер етіп тұр. Әлі күнге дейін мәселе шешілген жоқ. Үйдің ішіндегі құрбылар жарылған жерін оңдамай тұр», – деді қала тұрғыны Әсемгүл Мырзахметова.
Тұрғындар айналаға жайылған кәріз суы экологиялық апат тудырып отырғанын айтады. Өткір иістің кесірінен тіпті есік-терезе аша алмай әбден қиналдық дейді. Сондықтан олар ақау кеткен құбырды жаңартып беруді сұрайды.
«Сасық иістен әбден шаршадық. Тұншығып отырмыз. Балалар шетінен ауырып жатыр. Үлкен кісілер үйде қамалып отыр. Шіріген құбырларды жөндемегеннің салдарынан жағдай осылай ушықты. Ақыры жер-жерге нәжіс суы тарап, апат тудырып отыр. Әкімдіктегілер қарап, ескі құбырларды ауыстыруы керек қой енді, соны сұраймыз», – деді қала тұрғыны Виталий Ткачук.
Әкімдік өкілдері кәріз желілерінің ескіргенін мойындап отыр. Арнайы бекітілген жобаға сәйкес, қаладағы барлық тозған құбырларды анықтап, жаңартпақ.
«Кәріз құбырлары ескірген болатын. 2024 жылғы жобада қалада күрделі жөндеу жұмыстары басталған. Кәріз құбырын ауыстыру жұмыстары мердігер мекемемен су арнасы қызметкерлерімен айдау жасаймыз. Жертөле қандай олқылық барын анықтаймыз. Қала бойынша 72 шақырым кәріз құбыры санат сатысымен ауыстырылып жатыр», – деді Тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы және тұрғын үй инспекциясы бөлімінің бас маманы Ербол Айтқалиев.
Шенеуніктердің айтуынша, мәселе шешіледі. Енді жаңа кәріз тазалау қондырғысы қосылғанша, тұрғындарға тағы күтуге тура келеді.
Жұлдыз Қайратқызы, Атырау облысы
Оқи отырыңыз: Жеке сот орындаушыларының шотын құзырлы орган бақылайды