Депутат Бақытжан Базарбек жеке сот орындаушыларына қатысты сорақы деректерді ашып айтты
Елімізде жеке сот орындаушылардың жауапкершілік жүгі ауырлай түседі. Бұл институттың қоғам тарапынан жиі сынға ұшырайтынын ескерді ме, әйтеуір депутаттар оларды аттестациядан өтуге міндеттеп отыр. Егер жеке сот орындаушысы заңды білмесе немесе кәсіби әдепті сақтамаса, лицензиясынан айырылады, деп хабарлайды Аlmaty.tv тілшісі.
Ашынғаннан ащы дауысы шығып кетті ме, әлде сөзім өтімді болсын деді ме, әйтеуір депутат Анас Баққожаев отырыс кезінде орынсыз сөйлеп, Ерлан Қошановтан ескерту алды. Сондағысы жеке сот орындаушылары палатасының төрағасы Нұржан Арынғазиновқа олардың жұмысындағы олқылықтар мен азаматтарға жасалған әділетсіз шектеулер жөнінде айтқан еді. Сөзінше, борышкерлерге шара қолданған кезінде олардың әлеуметтік жағдайы ескерілмейді. Тіпті зейнетақы түсетін шоттарды да бұғаттап, кей адамдарды көлік жүргізу мүмкіндігінен де айырған жағдайлар бар екен.
«Борышкердің жағдайы қиын екенін түсінеді, біледі. Бірақ алады да барлық шектеуді қолданады. Жарайды шетелге шығармай-ақ қойсын. Есепшотын бұғаттасын. Бірақ көлік жүргізу мүмкіндігінен айырады. Жас жігіттер қанша қиналып жүр. Сіздер ақша табуға мүмкіндік бермейсіздер, көлік жүргізу құқығынан айырып тастайды. Қалай ақша табады?», – деді ҚР Парламенті мәжілісінің депутаты Анас Баққожаев.
Жеке сот орындаушылары палатасының төрағасы мұндай мәселенің барын мойындайды. Дегенмен Нұржан Арынғазинов оларды барынша ақтап алуға тырысты. Сөзінше, шот бұғатталған кезде қаражаттың түрі көрінбейді. Банк мұндай мәліметті бермейтін көрінеді. Сондықтан ол халыққа арнайы шот ашып, барлық әлеуметтік төлемдерді соған аударуға кеңес береді. Айтуынша, арнайы шоттарға ешқашан бұғат қойылмайды. Сондай-ақ ол сот орындаушылары заң талаптарын қатаң сақтауға міндетті екенін айтты.
«Егер де сот орындаушы шектеу немесе арест қоймаса, оның үстінен қарайтын Әділет органдары бар, Бас прокуратура, бірде бір шектеу қойылмаса заңда көрсетілген сол кезде жауапкершілікке тартады немесе лицензиясынан айырады», – деді республикалық жеке сот орындаушылары палатасының Төрағасы Нұржан Арынғазинов.
Депутат Бақытжан Базарбек жеке сот орындаушыларына қатысты сорақы деректерді ашып айтты. Сөзінше, олар шоттардан ақша жымқырып, алименттердің ақшасын өз қалтасына салып отырған. Кейбірі жұбайлары мен туыстарына аударған. Мәжілісмен 88 жеке сот орындаушысы 660 түрлі алаяқтық әрекет мен айла-шарғылар жасағанын айтып, кейбірінің аты-жөнінін жария етті. Ол заңбұзушылардың барлығы бірдей жауапкершілікке тартылмағанына наразылық білдірді.
«Жеке сот орындаушыларының бар болғаны тоғызы ғана шара қолданылған, ал қаражат жымқырғандардың кейбірі жауапкершілікке тартылмаған. Оларға қатысты қылмыстық іс қозғалған жоқ, лицензиясынан айыру бойынша іс жүргізу басталмады. Әділет министрлігі бұл лицензиялардан айыру туралы талап-арыздарды жолдаған жоқ. Неге прокурорлық қадағалау актісі жұмыс істемейді?» – деді ҚР Парламенті мәжілісінің депутаты Бақытжан Базарбек.
Ақша жымқыруға дағдыланып қалған жеке сот орындаушыларына тықыр таянды. Мәжіліс бүгін тиісті заң жобасын қарады. Нұржан Арынғазинов құжат Бақытжан Базарбек айтқан мәселені шешеді деп сенеді. Айтуынша, енді жеке сот орындаушыларының шотын құзырлы орган бақылып, әрбір тиынның есебі сұралатын болады.
«Бір айдың ішінде интеграция бітеді. Сондықтан құзырлы орган, Әділет министрлігі, прокуратура анық жеке сот орындаушысының шотын көре алады», – деді республикалық Жеке сот орындаушылары палатасының төрағасы Нұржан Арынғазинов.
Жеке сот орындаушылары қызметтік міндеттерін орындау кезінде өздерінің әрекеттерін видеоға түсіріп отыруға міндеттеледі. Бұл талап та заңда жазылған. Алда-жалда қандай да бір даулы жағдайлар туса немесе заңсыз әрекеттердің жолын кесуге дәл осы бейнематериал дәлел болады. Жеке сот орындаушылары видеоны 5 жылға дейін өшірмей, сақтап қою керек. Төменгі палата тиісті құжатты бірінші оқылымда мақұлдады.
Аршат Әділжанқызы, Нұрлан Өтеген, Әлихан Өтеген
Оқи отырыңыз: Елде әскери жоғары оқу орындарына қабылдаудың талаптары өзгерді