Кәріз желісі жоқ: Жамбыл облысында тұрғындар қолаңса иіске тұншығып отыр

120 пәтерлі қос үйді салуға бюджеттен 1,6 млрд теңгеден аса қаржы бөлінген

Жаңалықтармен бөлісіңіз

Жамбыл облысында бір жыл бұрын пайдалануға берілген баспана бүлініп жатыр. 120 пәтерлі көпқабатты үйдің сылақтарына сызат түсіп, қыс ауасында жылуға жарымай отыр, деп хабарлайды Almaty.tv.

Су жаңа баспаналар былтыр Байзақ ауданының орталығы Сарыкемер ауылында кезекте тұрған тұрғындарға пайдалануға берілген. Жылдап кезек күткен жұрт жаңа үйге бірден қоныстанған. Бірақ жарты жылда баспананың жан жағын қолаңса иіс басқан. Оған себеп, сарқынды су төгетін кәріз шұқырының тым шағын болуы. Салдарынан ол толып, тасып, артығы арыққа ағып жатыр.  

«Үйдің артында арық қазылған. Үйдің суы арыққа ағады. Біріншіден, су сасып, үй жаққа келіп жатыр. Су тоқтаса, жарық та өшеді, пәтер де суып кетеді» – деді Cарыкемер ауылының тұрғыны Салтанат Байпатшаев.

«Тұрғындар тұрғын үйде жылу мардымсыз» дейді. Қар түспей қараша бүрсең қағып отыр. Оған қоса шатырдан су ағады. Үй іші де сыз тартып тұр.  5-қабатты қос үйде су үздіксіз берілмейді.

 «Су деген 2 күннің бірінде тоқтап қалады десек, өтірік емес. «1-2 сағатта беріледі» деп күтіпжүреміз. Азаннан кешке дейін су жоқ болған күндер болды», – деді Сарыкемер ауылының тұрғыны Несіпкүл Мамырова.

Ал аудан әкімдігі алаңдаған жұртты басып әлек. Себебі мердігердің 5 жылдық кепілдігі бар екен. Соның аясында бұзылған жарылған тұстарды жөндетіп отырады. Қабырғалар да сызаттың түсуіне күзде сылақ жасаған құрылысшыларды кінәлап отыр. Ал кәріз жүйесіне қайта қаржы бөліп, құрылысын жаңадан жүргізбек.  

«Ауданның кәріз жілісіне сметалық-жобалық құжаттама дайындалып жатыр. Биыл бітсе, келесі жылы қаржы бөлінсе, соған қосылады. Бүгінгі таңда сору жұмыстары істеліп жатыр», – деді Байзақ аудандық ТҮКШ бөлімінің басшысы Дәурен Мәдішов.

120 пәтерлі қос үйді салуға бюджеттен 1,6 млрд теңгеден аса қаржы бөлінген. Мұнда қазір әлеуметтік осал топ өкілдері тұрып жатыр.

Нұрғиса Қаржаубай, Жамбыл облысынан

Оқи отырыңыз: Моңғолия қазақтары тарихына қатысты қос кітаптың тұсаукесері өтті

Новости партнеров