Салық режимін таңдау жөнінде 450 мыңнан астам хабарлама жіберілген
Алматыда жыл басынан бері 4 мыңға жуық азамат жеке кәсіпкер ретінде тіркелуге өтініш берген. Бүгінде мегаполисте олардың саны 200 мыңнан асты. Енді олардың барлығы оңайлатылған декларация негізіндегі арнаулы салық режимін қолдану үшін 1 наурызға дейін салық режимін таңдау туралы хабарлама жіберуі тиіс, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.
Оңайлатылған арнаулы салық режимінде жұмысын жалғастырғысы келетін жеке кәсіпкерлерге салық режимін сақтау туралы өтініш беру үшін 2 айдан аз уақыт қалды. Егер кәсіпкер белгіленген мерзімде үлгермесе, ол автоматты түрде жалпыға бірдей салық режиміне ауысады. Салық төлеушілерге салық режимін таңдау жөнінде 450 мыңнан астам хабарлама жолданған. Қазір 4 мыңнан аса кәсіпкерден өтініш түскен. Жыл басынан бері небәрі екі апта өткеніне қарамастан, 35 мыңнан астам азамат кәсіпкерліктен бас тартуға өтініш беріпті. Алайда жауапты органдар мұндай шешім қабылдауға әкелетін бірнеше себеп бар дейді.
«Барлығы жабылып жатқан жоқ. Көбінесе бұрын шектеулерге байланысты, яғни кіріс сомасы бойынша бірнеше ЖК ашып жұмыс істейтін тұғын. Оны білуіміз керек. Қазіргі таңда арнаулы салық режимі бойынша кіріс сомасы 2,5 млрд теңгеге дейін рұқсат етуі мүмкін. Сәйкесінше кәсіпкерлер бірнеше кәсіпкерлікпен бір ЖК аясында жұмыс істеуге ынталанып отыр», – деді ҚР ҚМ Мемлекеттік кірістер комитетінің Арнаулы салық режимін әкімшілендіру басқармасының басшысы Шыңберген Ерқанат.
Жауаптылар бұған дейін өзін-өзі жұмыспен қамтыған азаматтар арнаулы мобильдік қосымша арқылы арнайы режимде немесе патент негізінде жұмыс істеген. Ол кезде олардың барлығы жеке кәсіпкер ретінде тіркелуге міндеттелген. Қазір бұл талап алынып тасталып, азаматтарға жеке тұлға ретінде еңбек етуге мүмкіндік берілген. Мамандардың сөзінше, осы өзгеріс те статистикалық көрсеткіштерге әсер етіп отыр. Дәл осылай қызмет атқарған азаматтардың бірі – Ержан Балғожин. Ол бұған дейін арнайы компанияда көлік жүргізушісі болып жұмыс істеген. Қазір жұмыс орнын өзгертіп, жеке кәсіпкерлік қызметін тоқтатуға өтініш бергенімен, әлі күнге дейін ресми жауап алмағанын айтты.
«Алдында жүргізуші болып кіру үшін жұмысқа ЖК ашқызды. Қазір басқа кәсіп ауыстырып жатырмын. Ал бұл жерде ештеңе керек емес. 30 желтоқсанда жабу үшін өтініш бердім. «Қарыз болмаса, 15 күнде жауып береміз» деген. 17 күн болды, жабылмады», – деді қала тұрғыны Ержан Балғожин.¤
Кейіпкеріміздің мәселесін Мемлекеттік кірістер комитетіне жеткізген болатынбыз. Жауаптылар өз кезегінде азаматтарда ешқандай міндеттемелер болмаса үш күнде тіркеуден шешілуі тиіс екенін айтты.
«Әрбір берілген өтініш жеке қарастырылады. Яғни егер салық төлеушіде бір өсімпұл, айыппұлдар немесе төленбеген салық сомалары болатын болса немесе орындалмаған камералдық бақылау хабарламалары болса, әрине бұл міндеттемелерді толықтай орындауы керек. Салық төлеуші міндеттеме орындаса, тіркеуден шешіледі», – деді ҚР ҚМ Мемлекеттік кірістер комитетінің Арнаулы салық режимін әкімшілендіру басқармасының басшысы Шыңберген Ерқанат.
Ресми деректерге сәйкес, өткен жылдан бері кәсіпкерлік саны азаймаған, керісінше артқан. Мәселен, осы кезеңде 478 мыңға жуық азамат жеке кәсіпкер ретінде тіркелсе, 335 мыңы есептен шығарылған. Нәтижесінде 2025 жылы заңды тұлғалар мен жеке кәсіпкерлердің жалпы саны 142 мыңға таза өсім көрсеткен.
Мәди Бижан, Нұрлан Өтеген, Әлихан Өтеген, Астана
Оқи отырыңыз: Полиция немесе банктен қоңырау шалу: мамандар алаяқтардың алдау тәсілдерін түсіндірді