Еліміздегі экономикалық белсенді халықтың шамамен жартысы шағын және орта бизнес саласында қызмет етеді
Әрбір бесінші қазақстандық бизнес саласында жұмыс істейді. Президенттің шағын және орта бизнесті қолдау жөніндегі тапсырмаларын жүзеге асыру – Үкіметтің басым бағыттарының бірі. Қабылданған шаралардың нәтижесінде саланың ел экономикасына қосқан үлесі артып келеді, деп хабарлайды Almaty.tv.
Бүгінгі таңда барлық кәсіпкерлік субъектінің 99,9 пайызы - микро және шағын компаниялар. Онда 4 миллионнан астам адам еңбекке араласады. Бұл былтырғы көрсеткішпен салыстырғанда 3,9 процент артық.
Айта кетейік, еліміздегі экономикалық белсенді халықтың шамамен жартысы шағын және орта бизнес саласында қызмет етеді.
«Шағын және орта кәсіпкерліктің экономикадағы жалпы қосылған құнының үлесі қазірдің өзінде 40 пайызға жақындады. Бұл кәсіпкерлік белсенділіктің артқанын аңғартады. Олардың 91 пайызы қызметін тұрақты түрде жүзеге асырып жүр. Айта кетерлігі, кәсіпкерлерге мемлекет тарапынан жергілікті деңгейде тұрақты түрде қолдау көрсетіліп келеді», – деді Экономикалық зерттеулер институты бәсекелес ортаны зерттеу орталығының жетекші сарапшысы Карина Күзбаева.
Биыл «Өрлеу» жеңілдетілген қаржыландыру бағдарламасы іске қосылып, құны 482 миллиард теңге болатын 1 700-ден астам жобаға қолдау көрсетілген. «Даму» қорының базасында кәсіпкерлерді қолдайтын екі кепілдік қоры құрылды. Оның бірі тек 7 миллиард теңгеге дейінгі бастамаларды қаржыландырса, екіншісі 7 миллиард теңгеден басталатын жобаларға ақша береді.
«Бүгінгі таңда бірінші кепілдік қоры шеңберінде 410 миллиард теңге соммасына 2320 жобаға қолдау көрсетілді. Сондай-ақ екінші кепілдік қоры шеңберінде 7,1 миллиард теңге кредит соммасында бір жоба қолдау тапты», – деді ҚР ҰЭМ Кәсіпкерлікті мемлекеттік қолдау және қорғау департаменті директорының орынбасары Динара Тәженова.
Оқи отырыңыз: Алматыда монша және сауна иелерімен профилактикалық жұмыс күшейтілді