Құрылтай депутаттарының сайлау алдындағы үгіт-насихаты қалай жүріп жатыр

14.08.2026 18:57

Саяси партиялар өңір-өңірді аралап, тұрғындармен және еңбек ұжымдарымен кездесулер өткізуде

Елімізде Құрылтай депутаттарын сайлау алдындағы үгіт-насихат науқаны жүріп жатыр. Саяси партиялар өңір-өңірді аралап, тұрғындармен және еңбек ұжымдарымен кездесулер өткізуде, деп хабарлайды Аlmaty.tv тілшісі. 

«Әділет» партиясының республикалық сайлауалды штабы Алматы облысының тұрғындарымен кездесіп, негізгі бағыттарын таныстырды. Онда 2031 жылға дейін өңдеу өнеркәсібі мен логистиканы дамыту, ел бойынша кемінде 1 миллион жаңа жұмыс орнын ашу көзделген. Сонымен қатар кәсіпкерлерге кедергі келтіретін артық әкімшілік рәсімдерді қысқарту және салық жүйесін жеңілдету ұсынылады. Кездесуде қауіпсіз әрі инклюзивті орта қалыптастыру, балаларға білім, медицина және әлеуметтік көмектің қолжетімділігін арттыру мәселелері де айтылды.

«Елімізге келіп жатқан қаншама сапалы инвесторлар бар. Әлемдік алпауыт компаниялар бар. Олардың барлығы елімізде инвестициялық климаттың жақсы екенін мойындап оты. Алатау қаласының құрылуны да ерекше жағдай жасаудың бір дәлелі деп тсүінеміз. Бұл өңірде емес, бүкіл елімізді алға тартады деген үлкен сенім бар», – деді  «Әділет» партиясының төрағасы Айбек Дәдебай.

Ал Батыс Қазақстан облысында Жалпыұлттық социал-демократиялық партиясының өкілдері аутизм және церебралды сал ауруына шалдыққан балалардың ата-аналарымен кездесті. Жиында мүмкіндігі шектеулі балаларға медициналық көмек көрсету және әлеуметтік қолдау мәселелері талқыланды. Мұнымен қоса, Жамбыл облысында партия өкілдері облыс орталығынан шалғай орналасқан Саудакент, Игілік, Әшір Бүркітбаев ауылдары мен Жаңатас қаласының тұрғындарымен кездесті. Онда жоғары білімді тегін ету, елдімекендердегі медицинаның сапасын арттыру, халықты баспанамен қамту мәселелері қозғалды.

«Ауылды жерлерде еркін түрде медицинаны әлеуметтік теңсіздіктің алдын алу, жұмысшылар арасында еңбек бөлінісінің дұрыс болуы, жалақының көтерілуі деген сияқты мәселелерді айта кеттік. Ауыл тұрғындарының көңілінен жақсы шығып, сол сайлауға деген жақсы ізгі ниет тілекін білдіріп шығарып салды», – деді Жалпыұлттық социал-демократиялық партиясы атынан құрылтай депутаттығына үміткер Еркін Әбдиев.

«Байтақ» партиясының өкілдері де сайлауалды бағдарламасын таныстыруда. «Эколайф Астана» ұжымымен өткен кездесуде экологиялық мәселелерге басымдық берілді. Қатаң экологиялық стандарттарды енгізу, жасыл экономика кәсіпорындарын мемлекеттік қолдау және халық денсаулығын қорғау мәселелері сөз болды. Сонымен қатар қауіпті және медициналық қалдықтармен жұмыс істеуге қатысты заңнаманы жетілдіру, сала мамандарының еңбек қауіпсіздігін арттыру жөнінде ұсыныстар айтылды.

«Байтақ» партиясы Құрылтай депутаттығына 47 кандидат ұсынды. Бүгін  «ЭкоЛайф Астана» кәсіпорнының ұжымымен кездестік. Ашық пікір алмасу өтті, қызметкерлер өз ұсыныстары мен мәселелерін жеткізді. Бұл тек кәсіпорын жұмысына ғана емес, азаматтардың тұрғылықты жерлеріндегі әлеуметтік және экологиялық мәселелерге де қатысты. Біз барлық ұсыныстарды жинақтап, тиісті тізім әзірлейміз. Алдағы уақытта осы бастамаларды Құрылтай алаңында көтеріп, экология саласына ғана емес, өзге де бағыттардағы заңнаманы жетілдіруге күш саламыз», – деді  «Байтақ» партиясынан құрылтай депутаттығына кандидат Әлішер Ордабеков.

Қазақстан Халық партиясы да елордада «Әлеуметтік Қазақстан» атты алғашқы форум-конгресін өткізді. Іс-шара барысында түрлі кәсіби салалардың сарапшылары мен өкілдері сөз сөйлеп, заманауи әлеуметтік мемлекет қалыптастыру жөніндегі көзқарастарын ортаға салды. Жиында әділеттілік, лайықты еңбек, экономиканы дамыту және жаңа технологияларды енгізу мәселелері талқыланды. Сонымен бірге білім беру, денсаулық сақтау және әлеуметтік қорғау салаларындағы өзекті мәселелер қозғалды.

«Біз әртүрлі өңірлерге шығып жатырмыз. Зейнеткерлермен кездесдік. Жұмысшы азаматтармен әңгімелесу барысында бірінші әлеуметтік мәселелер көтеріледі.  Жалақы мөлшері, қауіпсіз еңбек жағдайы, жұмыс беруші мен жұмыскерлер арасындағы қарым-қатынасқа байланысты ұсыныс бар», – деді Қазақстан Халық Партиясы атынан құрылтай депутаттығына үміткер Ислам Сұңқар.

Ал оңтүстік астанада  «Ауыл» партиясының өкілдері елдегі ең ірі жылыжай кешендерінің бірінің еңбек ұжымымен кездесті. Жиында агроөнеркәсіп кешенін жаңғырту, отандық өндірісті күшейту және ауыл шаруашылығы тауар өндірушілерін қолдау мәселелері сөз болды. Партия өкілдері жыл бойы өнім өндіру үшін заманауи технологияларды енгізіп, шаруаларды қолдау тетіктерін жетілдіру қажет екенін айтты. Бұл ішкі нарықты отандық өніммен қамтып, азық-түлік қауіпсіздігін нығайтуға мүмкіндік береді.

«Қалыптасып жатқан мекеме болған соң проблемалары бар екен. Оны жасырмай айтты. Қала маштабында да көтеріліп, шешу мәселесі қарастырылып жатыр. Ең басты нәрсесі – энергия көзі. Шешуге әрекет қыламыз», – деді  «Ауыл» партиясы атынан құрылтай депутаттығына үміткер Талғат Айтбаев.

Абай облысында  «Ақ жол» демократиялық партиясының сайлауалды үгіт-насихат жұмыстары жалғасуда. Депутаттыққа кандидаттар «Семей цемент» кәсіпорнының еңбек ұжымымен кездесіп, сайлауалды бағдарламасын таныстырды. Жұмысшылар еңбек қауіпсіздігі мен әлеуметтік қолдауға қатысты сұрақтарын қойып, ұсыныстарын жеткізді. Ал өңір кәсіпкерлері және белсенді жастармен өткен кездесуде жаңа кәсіп ашу, өндірісті дамыту мәселелері және облыстың әлеуметтік-экономикалық жағдайы талқыланды.

«Қасиетті Абай еліне келіп, өндірушілермен, кәсіпкерлермен кездесіп отырмыз.  Бірінші «Семей цемент» ұжымымен кездесу болды. Көптеген мәселелерді талқыладық. Соңғы Парламенттегі қабылданған заңдарды түсіндірдік. Айтылған ұсыныстарды да жазып алдық», – деді  «Ақ жол» қазақстан демократиялық партиясының төрағасы Дания Еспаева.

Орал қаласында Respublica партиясының өкілдері де сайлауалды кездесулер өткізіп, бірқатар өндіріс орындарының жұмысымен танысты. Партия мүшелері «Кублей» қалбыр зауыты, өрт сөндіру көліктері мен құрылыс материалдарын шығаратын кәсіпорындардың еңбек ұжымдарымен жүздесті. Сондай-ақ облыстық кітапханада жастармен кездесіп, елдің әлеуметтік-экономикалық дамуы жөнінде пікір алмасты. Кездесулер партия жақтастарының форумымен жалғасты.

«Экономикалық жағдайымызды жақсарту, кәсіпорындар санын көбейту, жалақыны көбейту, соның арқасында әр қазақстандықтың күнделікті өмірінде көріп жатқан табыс көзін арттыру – тұрмыс  жағдайына үлкен әсер етеді. Өте қарқынды және белсенді талқылау боп жатыр.  Екі мекемеде де біздің партияның мүшелері өте көп, біздің партияның белсенділері өте көп. Сондықтан олар бізді өте қуана-қуана қарсы алып жатыр», – деді Respublika партиясының төрағасы Айдарбек Қожаназаров

Айта кетейік, Құрылтайдағы 145 депутаттық мандатқа 7 саяси партиядан 545 кандидат үміткер болып отыр. Олар кездесу мен таныстыру шараларын өткізуді жалғастыра бермек.

Диана Тұрлыбек

Оқи отырыңыз: Саяси науқанда құрғақ уәде емес, нақты іс маңызды - Алматы жастары

Толық көрсету