Құрылтай сайлауы: ғалымдар алдағы саяси науқаннан не күтеді

28.07.2026 20:15

«Құрылтай сайлауы – елдің саяси өміріндегі маңызды кезеңдердің бірі. Ал  депутаттыққа үміткерлер халықтың ұсыныс-пікірін жинап, оны мемлекеттік деңгейде көтеруге жауапты». Осылай деген алматылық ғалымдардың алдағы саяси науқаннан күтері көп, деп хабарлайды Аlmaty.tv.

Олардың пікірінше, Құрылтай мүшелерінің негізгі міндеті – өңірлердегі өзекті мәселелерді жинақтап, оларды талқылау арқылы ортақ шешімге келу. Мұндай жұмыс халық пен билік арасындағы байланысты күшейтуге ықпал етеді.

«Құрылтай құрылғаннан кейін не істеуі керек, олар жаңағы өңірден жинап келген мәселелерді ортаға салуы керек. Содан кейін талқылай, сөйлесе келе бір мәмлеге келеді. Сол мәмлені ары қарай ұсыныс етіп, Үкіметке беруі керек. Үкімет қарастыра жатып, ары қарай шешім қабылдайды деген ойдамыз», – деді Көлік және логистика саласының білікті маманы, қауымдастырылған профессор Мұрат Шарубеков.

 «Құрылтай сайлауы ол әрбір азаматтың таңдауын жасап, елдің дамуына үлес қосатын маңызды саяси науқан. Ұсынылып отырған партия депутаттары бұл халықтың мүддесін қорғау үшін және де қоғамдағы мәселені шешуге атсалысады деген ойдамын», – деді Satbayev university аға оқытушысы, PhD докторы Ләйлә Сағатова.

 Ғылым саласының өкілдері болашақ депутаттардың кәсібилігіне, тәжірибесіне және жастарды қолдау мәселесіне ерекше мән беретінін жеткізді. Себебі олардың пікірінше, елдің өркендеуі білім мен ғылымның дамуымен тығыз байланысты.

«Жас ғалым ретінде сайлаушылардың ең алдымен біліміне, тәжірибесіне, сонымен қатар жастар саясатына қаншалықты мән беріп жатқанын бақылауда ұстаймын. Жастар еліміздің кемел – болашағы.  Ғалымдардың ашып жатқан жаңалықтары мен үшін, еліміз үшін өте маңызды», – деді Ө. А. Байқоңыров атындағы Тау-кен-металлургия институты кафедрасының аға оқытушысы Ерік Меркібаев

Оқи отырыңыз: Құрылтай сайлауы: қоғам белсенділері ел болашағы үшін дауыс беруге шақырды