Тау жолы жаңарып, туристерге қолайлы бола түспек
Тар жол, тік бұрылыстар мен қауіпті аймақ. Шығыс Қазақстан облысындағы Рахман қайнарына апаратын 13 шақырымдық бағыт ұзақ жылдар бойы жүргізушілер үшін нағыз сынаққа айналған. Жолдың қиындығынан көптеген турист діттеген жеріне жету үшін арнайы көлік жалдауға мәжбүр болды. Енді бұл мәселе кезең-кезеңімен шешіліп келеді. Қазір аталған аумақта жол құрылысы қарқын алған, деп хабарлайды Аlmaty.tv тілшісі.
Шығыс Қазақстан облысындағы Рахман қайнарына апаратын жол ұзақ уақыт бойы туристер үшін ең күрделі бағыттардың бірі саналды. Ой-шұңқыры көп, тік бұрылыстары демалушылардың сапарын едәуір күрделендіретін. Қазір бұл аралықта құрылыс жұмыстары қарқын алған. Дегенмен биік таулы аймаққа көтерілетін жол әлі де ерекше сақтықты талап етеді.
«Біз автокөлікпен екінші жыл қатарынан саяхаттап жүрміз. Биыл да осы бағытты таңдадық. Бірақ жолдың мұншалықты күрделі боларын күтпедік. Әсіресе тауға көлікпен көтерілу оңай емес. Сондықтан бұл сапар біз үшін ерекше қиын болып жатыр», – деді автосаяхатшы Анатолий Симушкин.
«Мұндағы техниканың жұмыс істеуі өте қиын. Биік жер, бұрылыстар аз, техниканың бұрылуына қолайлы орындар жеткіліксіз. Сондықтан қиындық көп. Жүргізушілер мен тракторшылар – өте тәжірибелі мамандар. Солардың арқасында жұмысты біртіндеп әрі жоспарға сай жалғастырып келеміз», – деді учаске басшысы Болатбек Ібішев.
Жер бедері қолайлы аумақта құрылыс жұмыстары әлдеқайда қарқынды жүріп жатыр. Мұнда ауыр техниканы қосымша сақтандырудың қажеті жоқ. Соның нәтижесінде жұмысшылар бес шақырымға жуық жаңа асфальт төсеп үлгерген.
«Тексеріс барысында 71 сынама алынды. Оның ішінде керндер, асфальт қабатынан алынған сынамалар, сондай-ақ инертті материалдар – қиыршық тас пен құмнан сынамалар алынды. Оның 10-ы стандарт талаптарына сай болмай шықты. Қазіргі уақытта ол кемшіліктер толық жойылды деп айтуға болады», – деді «Жол активтері сапасының ұлттық орталығы» филиалының инженері Айдос Қабылбаев.
Жаңа жолдың қауіпсіздігі де басты назарда. Сондықтан қауіпті бұрылыстарға арнайы қорғаныс қоршаулары орнатылып, жол жиегіне су бұру жүйесі салынып жатыр. Мамандардың айтуынша, мұндай жүйе жол жабынын шайылудан қорғап, оның қызмет ету мерзімін ұзартады.
«Бұрылыстар көп, еңістер көп. Тау беткейі болғандықтан тросты қоршау қарастырылған. Оның жалпы ұзындығы – 10 шақырым. Сонымен қатар, жобада жалпы ұзындығы 5 шақырым болатын су ағар жүйесі қарастырылған. Қазіргі уақытта бұл жерде бас мердігер – "Зайсан құрылыс компаниясы" жұмыс жүргізіп жатыр», – деді «ҚазАвтоЖол» ҰК филиалы директорының орынбасары Алмас Қасенов.
Мердігерлер жолды жыл соңына дейін толық пайдалануға беруді жоспарлап отыр. Ал жаңа асфальттың негізгі бөлігі қыркүйекке дейін төселеді. Осылайша Рахман қайнарына апаратын ең қиын жол учаскесі көп ұзамай өткеннің еншісінде қалмақ.
Айжан Дайрабай, Руслан Мухамедьяров, "Алматы" телеарнасы, Шығыс Қазақстан облысы
Оқи отырыңыз: Елімізде жол қауіпсіздігіне бақылау күшейтілді