Құрылтай сайлауына 777 шетелдік байқаушы қатысады

29 елден 38 журналист аккредиттелген

Жаңалықтармен бөлісіңіз

Құрылтай сайлауына 777 шетелдік байқаушы қатысады. Аккредиттеуге өтінім қабылдау жұмыстары жуырда аяқталып, дауыс беру барысын бақылайтын шетелдік өкілдердің нақты тізімі бекітілді, деп хабарлайды Аlmaty.tv тілшісі.

42 мемлекет пен 13 халықаралық ұйым мүшелері саяси науқанның ашық әрі әділ өтуін қадағалайды. Олардың қатарында 41 елдің парламенттерінен 138 депутат бар. Осылайша алдағы Құрылтай сайлауының өту барысын халықаралық қауымдастықтың өкілдері де жіті назарда ұстамақ.

«Халықаралық байқаушылардың қатысуы сайлау науқанының ашықтығы мен жариялылығына, мемлекет тарапынан халықаралық міндеттемелердің сақталуына  ықпал ететінін тағы да атап өткім келеді. Бұл – халықаралық міндеттемелерге бейілділігіміздің, сондай-ақ халықаралық ұйымдармен, шет мемлекеттермен сайлау саласындағы тығыз ынтымақтастықты жалғастыруымыздың бірден бір дәлелі», – деді ҚР Орталық сайлау комиссиясының төрағасы Нұрлан Әбдіров.

Жауаптылар шетелдік байқаушылардың көп болуы өтіп жатқан тарихи Құрылтай сайлауына шетел тарапынан қызығушылықтың жоғары екенін көрсетеді дейді. Бұл – ел үшін маңызды көрсеткіш. Саяси науқанға шетелдік журналистер де ерекше назар аударып отыр. Қазірдің өзінде 29 елден 38 журналист аккредиттелген. Олар сайлау барысын бақылап, өз елдеріндегі ақпарат құралдары арқылы жаңалық таратады.

«Бұның географиясы өте кең. АҚШ-тан бастап Бразилия, Еуропа елдері бар Польша, Үндістан, Швецария, Чехия және солай кете береді. Журналистер 20 тамыздан бастап келе бастайды. Негізгісі 21 тамызда Астанада толықтай келеді деп күтіп отырмыз», – деді ҚР Сыртқы істер министрлігі ерекше тапсырмалар жөніндегі елшісі Ерлан Әлімбаев.

Оқи отырыңыз: Құрылтай сайлауы: сарапшылар саяси науқанның ерекшелігі мен маңызын айтты