Медігер мекеме үйдің ішкі-сыртқы жөндеу жұмыстары құжат берілген соң жасалатынын айтты
«Бірнеше жылдан бері құжаты жоқ үйде тұрып жатырмыз». Ақтаудағы «Самғау» тұрғын үй кешенінің тұрғындары осылай деп арнамызға шағымданды, деп хабарлайды Аlmaty.tv тілшісі.
Көшкінбай Жәнібековтің бұл үйге көшкеніне 4 жыл болған. Содан бері баспананың құжатына қол жеткізу мұңға айналғанын айтады. Оған қоса, коммуналдық қызмет ақысын жеке тұлғаның тарифі бойынша мердігер мекемеге төлеп отыр. Ол «құрылысты салған компания мамандарының құрғақ уәдесінен шаршадық» деп күйінді.
«Тезірек құжатты шығарып беру керек. Халық шаршады. Шындығы керек, қайта-қайта бос уәде береді. Не халықпен кездесіп, жағдайын айтпайды. Үйдің ішкі құрылысы бітпеген, жан-жағы құлап жатыр», – деді қала тұрғыны Көшкінбай Жәнібеков.
«Самғау» тұрғын үй кешенінде тұратын басқа да азаматтар көпқабатты баспананың қазіргі жағдайы көңіл көншітпейтінін айтты. Шағымын қала әкімдігі мен үйді салған мекеме өкілдеріне неше рет жеткізсе де, ешқандай нәтиже жоғын айтып, налиды.
«Қалалық әкімшілікке, орынбасарына бардық. Сонда да нақты құжат берген жоқ. Әр көктемгі, маусымдық, қыстық жауын-шашын уақытында үйдің төбесінен су өтеді. Біз жоғары қабатта тұрамыз,әр подъезде жөндеу жұмыстары аяқсыз қалды», – деді қала тұрғыны Асылхан Көбенова.
Ал мердігер мекеме өкілдерінің айтуынша, облыстық сәулет-құрылыс бақылау басқармасы 2023 жылы баспананы бұзу туралы шешім шығарған. Құрылыс компаниясы медиация арқылы заңсыз деп танылған тұрғын үй кешенін қайта пайдалануға рұқсат алыпты. Енді олар сот шешімі шықса, үйдің құжатын беруге дайын.
«Техникалық паспорт, СЭС-тің қорытындысы, Газаймақтың және басқа да мекемелер беретін құжаттары бар, декларация деп аталады. Қазіргі уақытта үйдің құжаты тұрғындарға пайдалануға беуге дайын. Тек медиативтік келісімді күтіп отырмыз. Халықтың да мұң-мұқтажын білеміз. Себебі адамдар пәтеге тіркеле алмайды. Баспананы өз атыны рәсімдей алмайды.Соған байланысты біз де жұмыс істеп жатырмыз», – деді мердігер мекеме басшысының орынбасары Нұрбек Өтегенов.
Сот шешімінің қашан шығатыны белгісіз. Ал үйдің ішкі-сыртқы жөндеу жұмыстары құжат берілген соң жасалатынын айтты.
Жасұлан Мұқан, Мұқағали Нұрдәулет, Ақтаудан
Оқи отырыңыз: Базардағы бәсеке: Алматыда жастар арасында ұлттық спорт фестивалі өтті