Қылмысты ашуға көмектескен: Ақмола облысында 10 жастағы бала марапатталды

polisia.kz
polisia.kz

Алан мен оның анасы тәртіп сақшыларына алғыс білдірді

Жаңалықтармен бөлісіңіз

Ақмола облысында құқық бұзушылықты полицияға дер кезінде хабарлаған 10 жасар бала марапатталды, деп хабарлайды Аlmaty.tv тілшісі Polisia.kz-ке сілтеме жасап.

Ақмола облысында құқық қорғау органдарына жедел түрде хабарласып, құқықбұзушылықты анықтауға көмектескен 10 жастағы Алан Колмагоров марапатталды. Оның уақытылы қоңырауы мас жүргізушіні "ізін суытпай" ұстауға мүмкіндік берді.

28 қараша күні облыстық полиция департаментінің басшылығы Көкшетау қаласындағы №12 орта мектепке барып, құқықбұзушылықты әшкерелеуге көмектескен 10 жастағы оқушы Алан Колмагоровпен кездесті.

Полиция департаменті бастығының орынбасары Азамат Ашимов балаға және оның анасы – Юлия Колмагороваға азаматтық белсенділік танытқаны, көмегі және дұрыс тәрбиесі үшін алғыс хат табыстады. Сонымен қатар ведомство атынан Аланға велосипед пен патрульдік полиция көлігінің макеті сыйға берілді.

Еске салайық, 25 қараша күні "102" нөміріне сұр түсті көліктің жүргізушісі жол қозғалысы ережелерін өрескел бұзғаны туралы хабарлама түскен. Ал қоңырау шалған азамат – 10 жастағы Алан Колмагоров болды. Балақай көліктің түсін, маркасын және мемлекеттік нөмірін нақты айтып берген.

Уақытылы жеткізілген ақпараттың арқасында патрульдік полиция экипажы шұғыл әрекет етіп, күдіктіні ұстады. Кейін белгілі болғандай, аталған автокөлік ұрланған болып шықты.

Аланның айтуынша, құқықбұзушылықты ол досымен бірге байқаса да, полицияға қоңырау шалу туралы шешімді өзі қабылдаған. Өйткені жүргізушінің әрекеті ауыр салдарға әкелуі мүмкін екенін түсінген.

– Маған ең қорқыныштысы – жүргізуші біреуге зиян тигізе ме деп ойладым, – деді ол.

Ал анасы Юлия Валерьевна Аланның мұндай жауапкершілік пен қоғамдық тәртіпке немқұрайдылық танытпауы отбасындағы тәрбиенің нәтижесі екенін айтады. Оның сөзінше, бала жасынан өз пікірін ашық айтып, әділдік туралы түсінігі қалыптасқан.

Полицейлер тарапынан көрсетілген құрмет Колмагоровтар отбасы үшін күтпеген сый болды. Алан мен оның анасы тәртіп сақшыларына назар мен қолдау көрсеткендері үшін алғыс білдірді.

Ең қызығы, Алан биыл 16 желтоқсан – Тәуелсіздік күні қарсаңында 11 жасқа толады.

Оқи отырыңыз: Балаларға екі данадан артық бермеңіз: мандаринді көп тұтыну неліктен қауіпті

Новости партнеров