Қымызмұрындық: Қарқара жайлауындағы дәстүрлі фестивальде биыл 20 түрлі қымыз ұсынылады

Фестиваль аясында қолөнер шеберлерінің көрмесі ұйымдастырылып, арнайы этноауыл бой көтереді

Жаңалықтармен бөлісіңіз

Алматы облысында өтетін «Қымызмұрындық» фестиваліне биыл 35 мыңға жуық адам қатысады деп күтілуде. Айтулы іс-шара дәстүр бойынша Кеген ауданындағы көрікті Қарқара жайлауында ұйымдастырылады. Фестиваль қонақтарына 20 түрлі қымыз ұсынылады,  деп хабарлайды Аlmaty.tv

«Қымызмұрындық» фестивалі – бірнеше жылдан бері көпшіліктің көңілінен шығып келе жатқан үлкен жоба. Дәстүрге айналған мереке биыл да жалғасын таппақ. Оған алыс-жақын шетелден, еліміздің әр өңірінен және облыс тұрғындарынан жалпы саны 35 мыңға жуық адам қатысады деп күтілуде. Алматы облысы әкімдігі өкілдерінің айтуынша, фестивальдің негізгі мақсаты – ұлттық құндылықтарды ұлықтап, қазақтың салт-дәстүрін дәріптеу ғана емес, өңірдің туристік әлеуетін де дамыту.

«Биыл да дәстүрлі өтеді. Соған байланысты алдағы уақытта басқа да іс-шара өтпейтін күндері де, сол жерге туристік бағыт кеңінен келеді деген үміттеміз. Негізі бағытымыз – осы. Іс-шараның өту және ұйымдастыру барысы бойынша жұмыстар басталып кетті»,– деді Мәдениет,архивтер және құжаттама басқармасының басшысы Әнуар Үмбетәлиев.

Фестиваль аясында қолөнер шеберлерінің көрмесі ұйымдастырылып, арнайы этноауыл бой көтереді. Қонақтарға ашық аспан астындағы театрландырылған қойылымдар ұсынылып, ерекше форматтағы концерттік бағдарлама әзірленеді. Облыстық Ішкі саясат басқармасының басшысы Төлеген Кенжебековтің айтуынша, іс-шара шеңберінде республикалық аламан бәйге өтіп, жастарға алтыбақан, қол күрес, арқан тарту және өзге де ұлттық ойындар ұйымдастырылады. Ал кішкентайларға аттракциондар, балалар киіз үйлері, қуыршақ театры, қолөнер және сурет салу алаңдары, шахмат пен тоғызқұмалақ жарыстары, сондай-ақ тілектер тақтасы жасалады.

Айта кетейік, биылғы фестиваль «Таза Қазақстан» тұжырымдамасымен үндесіп, экологиялық мәдениетті де насихаттауға бағытталады.

«Көпшілік іс-шара болғандықтан, ол жерге адам көп жиналады. Сол «Таза Қазақстан» концепциясын сақтай отыра, іс-шараның барысында, іс-шараға дайындалу кезінде барлық тазалық жұмыстарын, соған қарай табиғатымызды аялап, өйткені біздің Кеген өңірінің табиғаты, жаңағы Қарқара жайлауы өте керемет. Әлемдегі ең керемет жерлердің бірі деп айтсақ қателеспейміз», – деді Мәдениет,архивтер және құжаттама басқармасының басшысы Әнуар Үмбетәлиев.

Фестиваль Қарқара жайлауында бесінші рет ұйымдастырылмақ. Былтыр іс-шараға 8 мыңнан астам қонақ қатысып, 40 киіз үй тігілген еді.

Айта кетейік, биылғы Қымызмұрындық 27 маусым күні өтеді деп жоспарланып отыр.

Гүлмарал Изатқызы, Мақсат Күнібек

Новости партнеров