Қызметте – қатаң, үйде – аяулы ана: Шырын Мұханбетжанова ең ауыр қылмыстың ашуға үлес қосып келеді

06.03.2026 13:30

Тергеуші 600-ге жуық ауыр және аса ауыр істерді ашқан

Жаны нәзік болса да қызметі – қырағылық пен батылдықты талап етеді. Ұлытау облысының Полиция департаментінде 16 жылдан бері еңбек ететін полиция майоры Шырын Мұханбетжанова – кәсіби тергеуші ретінде ерлермен иық тірестіріп, ең ауыр қылмыстардың бетін ашуға зор үлес қосып келеді, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.

Еңбек жолын Сәтбаев қалалық полиция бөлімінде тергеушінің көмекшісі болып бастаған Шырын Күнтуғанқызы алғашқы күннен-ақ ұқыптылығы мен жауапкершілігінің арқасында көзге түскен. Шеберлігі шыңдалып, тәжірибесі толыққан ол былтырдан бері аға тергеуші қызметіне кіріскен. Міндетіне сай ауыр әрі аса ауыр қылмыстарды ашу үшін оқиға орнына шығып, қылмыстық істерді сотқа дейін тергеумен айналысады. Куәгерлерден, күдікті мен жәбірленушілерден жауап алып, тиісті сараптамалар тағайындайды.

«Негізгі менің мақсатым – азаматтардың бостандығын, құқығын заңды мүддесін қорғау. Қиындықтар, әрине, бас кезінде болады. Өзіңнің кәсібилігіңмен жеңіп, дәлелдейсің. Тергеу енді уақытпен санаспайтын. Эмоциялық тұрғыдан ауыр жұмыс болып саналады. Сонымен қатар жұмыспен отбасыны қатар алып жүру оңай емес, дегенмен жақындардың қолдауымен мамандығымды сүйгендіктен, бәрін жеңуге көмектеседі», – деді ПД Тергеу басқармасының аса маңызды істер жөніндегі аға тергеушісі Шырын Мұханбетжанова.

Қылмысты ашу – жоғары жауапкершілік пен толық назарды талап ететін күрделі қызмет. Бүгінге дейін кейіпкеріміз өз өндірісінде 600-ге жуық ауыр және аса ауыр істерді ашқан. Бұл көрсеткіштің артында тынымсыз еңбек, әр дерекке мұқият қарау және істі әділ шешіммен аяқтауға деген ұмтылыс жатыр. Әріптестері де оны кәсібіне адал, талапшыл маман ретінде бағалайды.

«Жұмысына адал, ұжым ішінде беделі жоғары жас мамандарға бағыт-бағдар беріп, тәжірибесімен бөлісіп келеді. Мен оны кәсіби маман ретінде әрі тұлға ретінде жоғары бағалаймын. Осы жылдар ішінде күрделі, көпэпизодты және қоғамдық резонанс тудырған қылмыстық істерді тергеп, заң аясында нәтижелі аяқтады. Көп жылдық адал еңбегі үшін бірнеше мәрте ведомстволық марапаттарға ие болды», – деді Сәтбаев қаласы ПБ бастығының тергеу жұмысы жөніндегі орынбасары Арман Байпақов.

 Шырын Мұханбетжанова тек ересектермен ғана емес, зорлық-зомбылық көрген жасөспірімдермен де жұмыс істейді. Ер еңсерер істерді атқарып жүрсе де жүрегі нәзік, болмысы биязы әйел екенін есінен еш шығарған емес.

«Қолым босағанда уақытымды отбасыма арнаймын. Екі баланың анасымын, үйде келінмін, аяулы жармын. Сол үйдегі міндеттерімді атқарамын. Балаларыммен уақытымды жиі өткізуге тырысамын. Жолдасым маған әрқашан қолдау білдіріп отырады. Бастаған әр ісімді қолдайды, көбінесе мен жұмыста болған кезде балалардың сабағын оқытады, жар ретінде көп қолдау білдіреді», – деді Шырын Мұханбетжанова.

Айта кетейік Ұлытау облысы Полиция департаментінде бүгінде 200-ден аса әйел адам еңбек етеді.

Алтынгүл Төлегенова, Мақсат Дүкенбай

Оқи отырыңыз: «Бір ауыл – бір өнім» жобасы арқылы Алматыда қанша әйел бизнес бастады

Теги: тергеуші