Астанадағы банктердің бірінің 49 жастағы қызметкері ұсталды
Астанада қызметтік өкілеттігін пайдаланып, 34 млн теңге иемденген күдікті ұсталды, деп хабарлайды Аlmaty.tv тілшісі Polisia.kz-ке сілтеме жасап.
Астанада полиция қызметкерлері қаладағы банктердің бірінің 49 жастағы қызметкерін ұстады. Ол елорда тұрғынының есепшотынан ірі көлемдегі ақша қаражатын заңсыз шешкен деген күдікке ілінді. Күдікті жәбірленушімен ортақ танысы арқылы танысқан.
"Тергеу мәліметтеріне сәйкес, жәбірленуші шетелге кеткенде, делдал әйел оған қарызға ақша сұрап, қаражатты шешуге рұқсат беретін бейнежазба жасауға көндірген. Сол күні кешке оның есепшотынан шамамен 18 млн теңге алынған. Кейін күдікті өз қызметтік өкілеттігін пайдаланып, жәбірленушінің жұбайының есепшотынан тағы 17 млн теңге шешкен. Келтірілген жалпы шығын 34 млн теңгеден асты", - делінген хабарламада.
Жедел-іздестіру іс-шаралары барысында әйел ұсталып, уақытша ұстау изоляторына қамалды.
Полиция азаматтарды қаржылық операцияларға рұқсат беру кезінде аса сақ болуға, сондай-ақ ақша қаражатын шешу немесе аудару туралы кез келген өтініштерді мұқият тексеруге шақырады.
Оқи отырыңыз: Ақтауда ұшақ апатының құрбандарына ескерткіш тақта орнатылды