Жолдағы қауіп: ШҚО-да қараусыз жүрген 5 мыңнан аса мал айып тұрағына қамалды
Төрт түліктің кесірінен 30-дан астам жол апаты болып, 15 млн теңге шығын келді
Биыл ШҚО-ның жолдарынан қараусыз жүрген бес мыңнан аса 4 түлік ұсталып, арнайы мал қамайтын айып тұрағына жабылған. Бұл – тек қолға түскендерінің саны. Ал биыл сегіз айдың өзінде төрт түліктің жолға шығып кетуінен 30-дан астам көлік оқиғасы болған. Апаттан келген шығын 15 миллион теңгеге дейін жетіпті, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.
Сауырбай Сахариев жолға шығып кеткен жылқыларының кесірінен осы уақытқа дейін зардап шеккен жандардың бес көлігін жөндетіп берді. Оның сөзінше, үйір жолдан алыс жайылса да, малды үнемі бақылауда ұстау оңай емес. Шаруа әрбір жол-көлік оқиғасына мал иесін кінәлай беруге болмайды деп есептейді.
«Бес көлікті жөндеттім. Әрине, мұның бәрі бір жылда болған жоқ. Бір жылда 3 көлікті жөндеткен кезім болды. Мен жол полициясы қызметкерлерінен көліктің тежеу жолын өлшеуді сұраймын. Бірақ олар өлшемейді. «Малың жолға шықты, демек, сен кінәлісің» дейді. Ал жүргізуші 140-150 шақырым жылдамдықпен жүрген болса ше?» – деді шаруа қожалығының басшысы Сауырбай Сахариев.
Биыл¤Бтиыл өңірде малдың жолға шығуынан 31 жол-көлік оқиғасы тіркелген. Адамдар зардап шекпегенімен, кейбір жағдайда көлік иелеріне келген шығын миллиондаған теңгеге дейін жеткен. Осыған байланысты төрт-түлік иелеріне жарық шағылыстыратын арнайы ленталар беріліп жатыр.
«Қауіпсіз жол» акциясын сақтау үшін малдың мойнына тағатын лентаны беріп жатыр. Қауіпсіздік үшін малдың мойнына лента таққаны дұрыс деп ойлаймын», – деді облыс тұрғыны Ибрагим Қазахмет.
Алайда мұндай ленталар көп жағдайда көмектесе бермейді. Жауаптылардың айтуынша, апатты болдырмаудың тиімді тәсілі – жол жиегін қоршау. Сондықтан Шығыс Қазақстандағы республикалық маңызы бар жолдардың 138 шақырым учаскесі арнайы тормен қоршалған.
«Қалбатау-Майқапшағай автомобиль жолына 115 шақырымына және осы Алматы-Өскемен ақылы жолға 17 шақырымына және Абай облысын байланыстыратын Өскемен-Семей автомобиль жолының 6 шақырымына қоршаулар орнатылды», – деді «ҚазАвтоЖол» ҰК» АҚ облыстық филиалы директорының орынбасары Алмас Қасенов.
Ал мал қараусыз жайылып, жолға шығып кетсе, полиция қызметкерлері іске кіріседі.
«Облыста мал қамайтын 97 айып тұрағы жұмыс істейді. Олар жергілікті атқарушы органдардың қолдауымен және полициямен бірлескен жұмыс нәтижесінде ұйымдастырылған. Жыл басынан бері осы тұрақтарға бес мыңнан астам мал жеткізілді», – деді Полиция департаменті Қоғамдық қауіпсіздік басқармасының аға инспекторы Батырбек Қадыров.
Ауылдық жерлерде малды жолдан түбегейлі алыстату мүмкін емес. Себебі жайылымдардың көбі тасжолдарға жақын орналасқан. Оның үстіне, төрт түлікті бір жайылымнан екіншісіне айдап өткізу қажет. Сондықтан жол қызметтері мал иелерімен ғана емес, жүргізушілермен де түсіндіру жұмыстарын жүргізіп жатыр.
Айдана Шалқар, Руслан Мұхамедьяров, ШҚО