Қызылорда облысында заңсыз алтын өндірісінің жолы кесілді

Қаржылық мониторинг агенттігі
Қаржылық мониторинг агенттігі

Заңсыз алтын өндірген топтан техника мен металл іздегіштер тәркіленді

Жаңалықтармен бөлісіңіз

Қаржылық мониторинг агенттігінің Қызылорда облысы бойынша департаменті прокуратураның үйлестіруімен және ҰҚК департаментімен бірлесіп, Шиелі ауданында бағалы металдарды заңсыз өндірумен айналысқан қылмыстық топтың әрекетін тоқтатты, деп хабарлайды Аlmaty.tv.

Тергеу дерегінше, Жаманкөл шатқалында күрделі өндірістік өңдеуді қажет етпейтін табиғи алтын өндірілген.

Топ мүшелерінің міндеттері өзара нақты бөлінген: біреулері алтын іздеушілерді тартып, өндіру жұмысын ұйымдастырса, енді біреулері тасымалдау мен сатуға жауапты болған. Тағы бір бөлігі қауіпсіздікті қамтамасыз еткен.

"Заңсыз әрекетті жасыру үшін аумақтың айналасына бақылаушылар қойылып, мотоцикл мінген адамдар маңайды торуылдаған. Олар бөгде адамдардың немесе мемлекеттік органдар қызметкерлерінің келгенін алдын ала ескертіп отырған. Өндірілген алтын сату үшін Алматы қаласына жеткізіліп, одан түскен ақша топ мүшелерінің арасында бөлінген", - делінген ҚМА хабарламасында.

Тінту барысында құрамында алтыны бар 500 грамнан астам шикізат, 2 арнайы техника, 12 металл іздегіш және 6 автокөлік тәркіленді.

Сондай-ақ 2 пневматикалық тапанша мен тегіс ұңғылы мылтық табылды.

Қазір 13 адам қамауға алынды. Тергеу жалғасып жатыр. ҚР ҚПК-нің 201-бабына сәйкес өзге ақпарат жария етілмейді.

Оқи отырыңыз: 4 миллионнан астам гүл мен жаңа арт-композициялар Алматының ажарын аша түсті