Қызылордада заманауи емхана бой көтеруде: Сыр өңірінде 63 нысан салынып жатыр
Зәулім емхана осы маңдағы 40 мыңға жуық тұрғынға сапалы қызмет көрсетпек
Қазақстан ауқымды құрылыс алаңына айналуы тиіс. Президент Жолдауда «барлық аймақта жаппай құрылысты бастап, жандандыру қажет» деп міндеттеді. Сыр өңірінде бұл бағыттағы ауқымды жұмыстар биыл айқын көрініс тауып отыр, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.
Дәрігер бар, бірақ қабылдайтын кабинеті тар. Құрал-жабдықты орналастыратын орын да тапшы. Бұл – Қызылорданың Титов ықшамауданындағы мәселе. Алпыс жыл бұрын салынған ғимарат әуелі тігін фабрикасы болған. Енді ескі нысанның орнын жаңа медициналық кешен ауыстырмақ. Емхана бір мезетте 400 келушіге қызмет көрсете алады.
«Соңғы үлгідегі заманауи құрал-жабдықтармен қамтылатын болады. КТ, мамография, флюрография аппараттары, эксперт кластағы УЗИ аппараттары қойылады. Сонымен қатар барлық маман қызмет етеді», – деді Қызылорда облыстық Денсаулық сақтау басқармасының басшысы Бауыржан Қуанышбаев.
Емхана құрылысы былтыр желтоқсанда басталған. Мердігер төрт қабаттан тұратын ғимарат құрылысының 70 пайызын аяқтапты. Қазір инженерлік желілер тарту, қасбеті мен ішкі жұмыстары қызу жүріп жатыр.
«Титов шағынауданында құны 9,8 миллиард теңге болатын поликлиниканың құрылысы жүріп жатыр. Үш блоктан тұрады, 2026 жылдың соңына дейін аяқтаймыз деп жоспарлап отырмыз», – деді Қызылорда облыстық Құрылыс, сәулет және қала құрылысы басқармасының басшысы Айдын Әнуар.
Шаһардың шет аймағында медициналық көмекке жүгінетін адам көп. Зәулім емхана осы маңдағы 40 мыңға жуық тұрғынға сапалы қызмет көрсетпек. Мұнан бөлек қалада 200 орындық ана мен бала орталығы, көпбейінді қалалық аурухана құрылысы жүріп жатыр. Жалпы биыл облыста құны 201 миллиард теңге болатын 63 нысан салынып жатса, инженерлік-инфрақұрылым бойынша 43 жоба жүзеге асуда.
Асқар Сәрсенұлы, Төрехан Әділбекұлы, Қызылорда
Оқи отырыңыз: Инфрақұрылымды дамыту – экономиканың негізі: сарапшылар Жолдаудағы басымдықтарды талқылады