Қызылордадағы мұнай өңдеу зауытынан өрт шықты

08.09.2026 15:10

Қазір тілсіз жаудың шығу себебі анықталып жатыр

Қызылордадағы мұнай өңдеу зауытынан өрт шықты. Жалын шамамен 120 тонна мұнай өнімі сақталған екі резервуарды шарпыған, деп хабарлайды Almaty.tv

Өрт сөндіру бөлімшелері келген уақытта резервуарлар ашық жалынмен жанып, төңірекке таралу қаупі туындаған. Қызыл жалынды сөндіруге Төтенше жағдайлар департаментінің, өзге де қызметтердің жеке құрамынан 60 адам мен 18 техника жұмылдырылып, қосымша өрт сөндіру пойызы тартылған. Қызметкерлер 200 шаршы метр аумақтағы өртті екі сағатта сөндіріп, жанындағы үш резервуарды аман сақтап қалды. Қазір тілсіз жаудың шығу себебі анықталып жатыр.

«Қызылорда қаласы Шоқай көшесі 305-мекенжайда «Қызылорда Рефайнери» ЖШС аумағында өрт оқиғасы орын алды. Объект аумағында 32 дана резервуар орналасқан. Соның ішінде сыйымдылығы 60 тонналық 2 резервуарда өрт оқиғасы орын алды. Өрт сағат 18:20-да оқшауланып, 18:25-те толық сөндірілді. Зардап шеккендер жоқ. Өрттің шығу себебі анықталуда, тергеп тексеру жұмыстары жүріп жатыр. Өрт сынақ зертханасы тағайындалды», – деді Қызылорда облыстық ТЖД бастығының бірінші орынбасары Жасұлан Түйменов.

Оқи отырыңыз: Беті ісіп, көгерген: Астанада тәрбиешінің үстінен іс қозғалды

Толық көрсету