Қызылша: Астанада сақтық шаралары күшейтілді

05.02.2026 20:48

Биыл Қазақстан бойынша қызылшаның 1 951 жағдайы тіркелген

Елде қызылшаға шалдығу дерегі азаймай тұр. Ресми мәліметтерге сәйкес, қазір шамамен 2 мыңға жуық адам індет жұқтырған. Науқастардың 80 пайызға жуығы қылышаға қарсы мүлде екпе алмаған. Аурудың өршуі әсіресе елордада байқалады. Осыған байланысты қалада сақтық шаралары күшейтілді, деп хабарлайды Almaty.tv.

Денсаулық сақтау министрлігі қызылшаға байланысты дабыл қақты. Ведомство өкілдерінің айтуынша, елдегі эпидемиологиялық жағдай әлі де күрделі. Жыл басынан бері Қазақстан бойынша қызылшаның 1 951 жағдайы тіркелген. Ең жоғары сырқаттану көрсеткіші Астана қаласында байқалады. Елордада 581 адам осы дертке шалдыққан. Сондай-ақ Жамбыл облысындағы жағдай да алаңдатарлық. Қазіргі таңда өңірде 339 адам қызылша жұқтырған. Ал Алматы қаласында 317 жағдай тіркеліп отыр. Ауырғандардың 80 пайызы қызылшаға қарсы мүлде екпе алмағаны анықталған. Мамандар індеттің алдын алудың ең тиімді жолы  вакциналау екенін еске салып, ата-аналарды балаларын уақытылы екпеден өткізуге шақырды.

«Қызылша ауруын алдын алу мақсатында тиісті шараларды қолдану қажет. Адам көп шоғырланатын орындарға бармау және тиісті егулерді қабылдау керек. Бұл күнтізбеге сәйкес, 11 және 6 жастан жоспарлы түрде жүргізіледі», – деді ҚР ДСМ Қоғамдық денсаулық сақтау ұлттық орталығының департамент директоры Мейірім Сұлтанова.

Елордадағы эпидемиологиялық ахуал әлі де күрделі. Астанада өткен жылдың желтоқсан айымен салыстырғанда биыл қаңтарда қызылшаға шалдыққандар саны шамамен төрт есеге артқан. Науқастардың 90 пайызы 14 жасқа дейінгі балалар. Тіпті 7–8 айлық сәбилерден де қызылша ауруы анықталып отыр. Осыған байланысты қалада екпе алмағандарды ауруханаға жатқызуға уақытша тыйым салынды. Алайда бұл шешімге келіспейтін ата-аналар да бар.

«Дұрыс емес деп ойлаймын. Ол атты ауырып жатса, ауруханаға қабылдамаса, не істейді? Қайда барады?», – деді  қала тұрғыны Ерғали Рамазанов.

Жауаптылар бұл шектеуге амалсыздан барып отырғанын жеткізді. Олардың сөзінше, ауруханаға сау күйінде келіп, кейін қызылша жұқтырып кеткен жағдайлар тіркелген. Осыған байланысты қосымша сақтық шараларын енгізуге тура келген. Сонымен қатар қызылшаға қарсы екпе алмаған балаларды ауруханаға қабылдауға түбегейлі тыйым салынбағаны да айтылды. Жатқызу тек белгілі бір шарттар сақталған жағдайда ғана жүзеге асырылады.

«Шұғыл түрде ауруханаға жататын балалар туралы ешқандай сұрақ жоқ. Олар міндетті түрде екпесі бар ма, жоқ па қарамай, жатқызылады. Ал жоспарлы түрде келсе, алдын-ала құжаттарын дайындайды. Екпеден басқа, олардың созылмалы ауруы болады. Соларды тексеру керек. Бір рет ауырған бала екінші рет ауырмайды», – деді Санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаменті басшысының орынбасары Жанна Пірәлиева.

Осы тұста заңгерлердің де пікірін білдік.

«Қаулыда «егер епе алмаса, оларды стацианарда емдеуге, қабылдауға тыйым салу қажет деп көрсетілген». Бірақ ҚР Конституциясын сәйкес ең басты құндылық – адам және оның денсаулығы деп көрсетілген. Сол себептен қаулы ҚР Конституциясына қайшы келмеуі керек деп санаймын», – деді заңгер Жандос Тұяқов.

Айта кетейік, қызылша – аса жұқпалы вирустық аурулардың бірі. Мамандардың айтуынша, вакциналау болмаған жағдайда дерт ауыр өтеді. Ауру асқынған кезде пневмония, есту қабілетінің төмендеуі, жүйке жүйесінің зақымдануы, оның ішінде энцефалит қаупі жоғары. Ал сирек жағдайларда қызылша өлімге де әкеп соқтыруы мүмкін.

Мәди Бижан, Нұрлан Өтеген, Астана

Оқи отырыңыз: Ақтөбе облысында келінін зорлады деп айыпталған ер адамға үкім шықты