Жаңа емханалар, тегін дәрі-дәрмек: биыл Алматыда медицина бағытында қандай оң өзгерістер болады

Сондай-ақ мегаполисте 2 жаңа емхананың құрылысы басталады

Жаңалықтармен бөлісіңіз

Денсаулық сақтау инфрақұрылымын дамыту Алматының басым бағыттарының бірі болып қала береді. Мегаполис тұрғындарының медициналық қызметтерге қолжетімділігін арттыру мақсатында биыл 2 жаңа емхананың құрылысы басталады. Сонымен қатар 6 денсаулық сақтау нысанына күрделі жөндеу жүргізіледі. Жалпы, қалада медициналық нысандарды жаңғыртуға жұмсалатын қаражат ұлғайып, 33 млрд теңгеге дейін жетті, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.    

Биыл халықты тегін дәрі-дәрмекпен қамтамасыз ету жұмыстары қарқын алды. 3700-ден аса науқас 45 түрлі диагнозы бойынша қажет препараттарға қол жеткізіп, емін жалғастыруға мүмкіндік алды. Сонымен қатар жоспарлы алдын алу екпелері мен қосымша жаппай иммундау шаралары аясында халық қызылшаға қарсы 133 мыңнан аса доза және тұмауға қарсы 200 мың вакцина алды. Жұртшылық әсіресе міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру қызметінің тиімді тұстарын бөлісті.

"Мен зейнеткермін. Мұнда квота арқылы операциядан кейін ем қабылдап жатырмын, бәрі тегін. Бөлімше өте жақсы. Реабилитацияның ішінде физиопроцедуралар, жаттығу залы, тренажерлар бар. Бір тиын да төлеген жоқпын. Бұл менің екінші ем қабылдауым, біріншісінде де, екіншісінде де ақысыз қаралдым. Тамақтандыруы да өте жақсы", - деді қала тұрғыны Инесса Омарова.

Қала тұрғындарын қолжетімді және сапалы медициналық қызметпен қамтамасыз ету аясында бірқатар жоба іске қосылды. Маусым айынан бастап елде алғаш рет «Фетальды хирургия» пилоттық бағдарламасы енгізілді. Енді Алматыда жылына 150 жатырішілік операция жасауға мүмкіндік бар. Сондай-ақ шаһар дәрігерлері үнемі біліктілікті арттырып, шетелден тәжірибе алумен қатар, әлемнің үздік ауруханаларында шеберлік сағаттарын өткізеді.

"Біздің клиника республикалық деңгейде қызмет көрсетеді. Күнделікті шұғыл және жоспарлы қабылдау жүргіземіз. Бір тәулікте ауруханаға 450-500 адам жүгінеді. Бұл – өте жоғары көрсеткіш, себебі барлық шұғыл көмек дәл осы жерде көрсетіледі", - деді қалалық № 5 клиникалық ауруханасының оториноларинголог дәрігері Гүлнәр Уәлиева.

"Біз шетелдерге, ТМД елдеріне, Еуропаға барып, біліктілігімізді арттырып тұрамыз. Конференцияларда баяндама жасап, тәжірибе алмасамыз. Қыркүйекте аудиологтардың халықаралық конгресіне қатысып, шетелдік әріптестеріміздің тәжірибесін үйрендік. Қазір сол алған білімімізді күнделікті жұмысымызда қолданып жүрміз", - деді қалалық № 5 клиникалық ауруханасының сурдолог дәрігері Гүлзира Хамитова.

Биыл денсаулық сақтау инфрақұрылымын жаңғыртуға қаржыландыру 34%-ға ұлғайтылды.

Айта кету керек, 2025 жылы 28 денсаулық сақтау нысанының құрылысы жобаланады, олардың ішінде 11 аурухана мен 9 емхана бар. Сондай-ақ 6 денсаулық сақтау нысанына күрделі жөндеу жұмыстарын жүргізу жоспарлануда.

"Қазіргі уақытта 62 мың науқас тіркелген. Жалпы медициналық көмек туралы айтсақ, ауруханадағы ота жасау үшін жаңа методикалар қолданамыз, әр жыл сайын енгіземіз. Ол үшін әр жыл сайын жаңа техника алып, медициналық техникамен қамтамасыз етеміз. Бәрі фейс-хирургия, эндоскопиялық хирургия барлық ауқымда біздің пациенттер көмек ала алады", - деді қалалық № 5 клиникалық ауруханасының директоры Сәуле Төлегенова.

Шұғыл медициналық көмекті дамыту үшін мегаполис биыл 48 жаңа жедел жәрдем көлігін қосты. Жалпы, өткен жылы мегаполистің денсаулық сақтау саласына бөлінген қаржы 25%-ға өсіп, 48,8 миллиард теңгеге жеткен екен. Бұл шаралар медициналық мекемелердің материалдық-техникалық базасын жаңартып, қызмет сапасы мен тиімділігі айтарлықтай арттыруға бағытталады.

Әйкерім Пернебек, Жақсылық Тілепберген, AlmatyTV

Оқи отырыңыз: Былтыр еліміздегі стационарларда 3,4 млн астам тұрғын емделді

Новости партнеров