Алматылықтар «Таза Қазақстан» акциясына қалай үлес қосуда

Almaty TV
Almaty TV

Экология — архитектура, көлік және абаттандырумен қатар Алматыны дамытудың басты бағыттарының бірі

Жаңалықтармен бөлісіңіз

Almaty TV телеарнасы «Архитектор» ақпараттық-танымдық бағдарламасының жаңа шығарылымын ұсынады. Сұхбат барысында сарапшылар, экологтар мен белсенді қала тұрғындары Алматының экологиялық жағдайын жақсарту үшін қандай шаралар қолға алынып жатқанын, жасыл желектерді сақтау жұмыстарының қаншалықты тиімді жүргізіліп жатқанын және алдағы жылдары қалалық ортаның сапасын өзгертуге тиіс қандай жобалар бар екенін талқылайды.

Алматы дәстүрлі түрде Қазақстанның ең жасыл қалаларының бірі болып саналады. Дегенмен, қазіргі заманғы мегаполис күрделі экологиялық сын-қатерлерге тап болып отыр: көлік жүктемесінің жоғары болуы, ауа сапасы, жасыл қорды сақтау және су ресурстарын ұтымды пайдалану мәселелері өзекті. Бүгінде экология сәулет, көлік және абаттандырумен қатар қаланы дамытудың негізгі бағыттарының біріне айналды.

Жаңа шығарылымда жасыл қорды күтіп-ұстаудың жаңа тәсілдері мен қалалық саябақтарды дамыту туралы «Жасыл Алматы» жетекшісі Тимур Елеусізов айтып берді.

«Алматының жасыл қорын сақтауға деген көзқарас анағұрлым жауапты бола түсті. Бүгінде қала екпелерге кәсіби күтім жасауға, ірі ағаштарды отырғызуға және саябақтар мен қоғамдық кеңістіктерді күтіп-ұстаудың заманауи стандарттарын енгізуге баса назар аударып отыр», — деп атап өтті «Жасыл Алматы» жетекшісі Тимур Елеусізов.

Бағдарламаның жеке бір блогы атмосфералық ауаның сапасына арналған. Экология және қоршаған орта басқармасының басшысы Серік Әділбаевтың айтуынша, ластанудың негізгі көзі автокөлік болып қала береді, алайда қала зиянды шығарындыларды азайту бойынша кешенді шараларды жүзеге асыруды жалғастыруда.

«Қала экологиясы үшін басты сын-қатер — барлық шығарындылардың шамамен 60 пайызын құрайтын автокөлік болып отыр. Сонымен қатар, жылу-электр орталықтарын газға көшіру жұмыстары жүргізілуде, қоғамдық көлік паркі жаңартылып, көгалдандыру бойынша ауқымды жобалар іске асырылуда», — деп баса айтты Экология және қоршаған орта басқармасының басшысы Серік Әділбаев.

Сондай-ақ, көрермендер «Таза Қазақстан» бағдарламасы аясында атқарылып жатқан жұмыстар туралы біле алады. Қалада жаңа ағаштар мен бұталарды отырғызу белсенді жүргізілуде, заманауи суару жүйелері енгізілуде, зиянкестермен күрес жүріп жатыр, қоғамдық кеңістіктер мен су нысандарының бойындағы аумақтар абаттандырылуда.

Соңғы жылдардағы ең көп талқыланған экологиялық жобалардың бірі — автокөліктерге арналған ерекше экологиялық талаптары бар аймақ (LEZ) бастамасы болды.

«Қазіргі уақытта LEZ жобасы пилоттық режимде жүзеге асырылуда. Біздің міндетіміз — ауаның ластану деңгейін кезең-кезеңімен төмендету және экологиялық таза қалалық ортаны қалыптастыру», — деп түсіндірді «Eco Almaty» басшысының орынбасары Айдана Бекболатқызы.

Шығарылымның тағы бір маңызды тақырыбы — тұрғындар арасында экологиялық мәдениетті дамыту. Сарапшылардың пайымдауынша, соңғы уақытта қала тұрғындарының экология мәселелеріне деген көзқарасы айтарлықтай өзгерген: қалдықтарды сұрыптап жинауға, қайталама шикізатты өңдеуге және экологиялық бастамаларға қатысуға деген қызығушылық артып келеді.

«Егер бұрын экологиялық акцияларға ондаған адам жиналса, бүгінде оларға мыңдаған тұрғын қатысады. Қалдықтарды сұрыптауға саналы түрде қарайтын, экологиялық жобаларды қолдайтын және қаланың тұрақты даму мәселелеріне тартылатын тұрғындардың қатары өсіп келеді», — деді ECO Network жобасының негізін қалаушы Евгений Мухамеджанов.

Бағдарламада өз ісімен экологияға қамқорлық жасау өз аулаңнан басталатынын көрсеткен алматылықтардың оқиғаларына ерекше орын берілген. Шығарылым кейіпкерлерінің бірі — Алматы тұрғыны Оксана Прошкина.

« Мен әрқашан айналамнан әдемі әрі ұқыпты ретке келтірілген кеңістікті көргім келетін. Шағын істен бастадым, кейін бұл бастамаға көршілерім мен достарым қосылды. Бүгінде біздің ауламыз — табиғатқа деген ортақ сүйіспеншілік пен қаланы жақсартуға деген талпыныстың нәтижесі», — деді Алматы тұрғыны Оксана Прошкина.

Сондай-ақ, оның пікірінше, Мемлекет басшысының бастамасымен қолға алынған «Таза Қазақстан» республикалық акциясының маңызы зор, ол экологиялық мәдениетті қалыптастырып, адамдардың қоршаған ортаға деген көзқарасын біртіндеп өзгертіп келеді.

« Мен әрдайым айтып жүремін: егер әрбір адам ең болмаса бір ағашқа немесе басқа да жасыл желекке жауапкершілікпен қараса, қаламыз бұдан да жақсы болар еді. «Таза Қазақстан» — өте маңызды жоба деп есептеймін. Адамдардың шетте қалмай, абаттандыру мен көгалдандыру жұмыстарына уақыты мен күш-жігерін жұмсап жатқаны қуантады. Бұл құрметке лайық», — деп атап өтті ол.

Алматы өзгеруде, бүгінде экологиялық күн тәртібі сәулет, көлік және абаттандыру сияқты қалалық ортаның маңызды бөлігіне айналып келеді. Жаңа ағаштар, экологиялық жобалар мен инфрақұрылымды жаңғырту, қоғамдық кеңістіктерді дамыту — мұның бәрі мегаполистегі өмір сапасының мүлдем жаңа деңгейін қалыптастыруда.

Оқи отырыңыз: Алматының туристік келбеті: Almaty TV арнасындағы «Архитектор» бағдарламасының жаңа шығарылымы