Сарапшылар қазіргі реформалардың тарихи негізін түсіндірді

Тарих қойнауына көз жүгіртсек, 1990 жылдың 25 қазаны – қазақ мемлекеттілігінің жаңа дәуіріне жол ашқан күн

Жаңалықтармен бөлісіңіз

«Тәуелсіздіктің алғашқы жылдарында басты мақсат мемлекет құру болса, бүгінде азаматтарды ел басқару ісіне көбірек тартуға басымдық беріліп отыр». Сарапшылар осылай дейді. Олардың пікірінше, қазіргі реформалардың мақсаты — мемлекеттік басқару жүйесін жетілдіріп, халықтың маңызды шешімдерді қабылдауға қатысуына мүмкіндік беру. Мамандар мұны 1990 жылғы Егемендік туралы декларацияда бастау алған мемлекетті нығайту идеясының жалғасы ретінде бағалайды, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.

1990 жылы 25 қазанда «Мемлекеттік егемендік туралы декларация» қабылданды. Сарапшылардың пікірінше, бұл құжат Қазақстанның тәуелсіздікке бастар жолындағы маңызды құқықтық қадамдардың бірі болды. Олар қазіргі реформалар да декларацияда бастау алған мемлекетті нығайту идеясымен сабақтасып жатқанын айтады. 

"Бүгінгі реформалардың басты мақсаты да сол - осы мемлекеттік басқару ісіне азаматтарды барынша араластыру. Яғни, республика күнінің мағынасы ол тек қана мемлекеттік мереке емес, ол әр азаматтың өзінің жеке жауапкершілігі, осы мемлекетті дамыту бағытындағы өзінің жеке жауапкершілігі деп есептеймін", - деді Қазақстандық қоғамдық даму институтының сарапшысы Алмат Нүкенов.

Егемендік алғаннан бері Қазақстанның сыртқы байланысы кеңейіп, әлемдік аренадағы орны нығая түсті. Еліміз жаһандық ұйымдардың жұмысына қатысып қана қоймай, бірқатар бірлестіктердің құрылуына да бастамашы болды. Сарапшылардың пікірінше, Қазақстан халықаралық деңгейде ынтымақтастық пен бейбіт диалогты қолдайтын мемлекет ретінде танылып келеді.

"Азиядағы өзара іс-қимыл және сенім шаралары жөніндегі кеңесті құру бастамасын Қазақстан көтерді. Сондай-ақ еліміз Шанхай ынтымақтастық ұйымы мен Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығының құрылуына атсалысты. Бұдан бөлек, Қазақстан экономикалық интеграцияны дамытуға да белсенді қатысып келеді", - деп пікір білдірді Қазақстандық қоғамдық даму институтының сарапшысы Арман Ешмұратов.

Қазақстанның даму жолы жалғасып келеді. Республика күні – өткенге тағзым етіп қана қоймай, болашақ алдындағы жауапкершілікті сезінетін күн. Сарапшылар Егемендіктің қадірі мемлекеттің жетістіктерімен ғана емес, әр азаматтың ел дамуына қосқан үлесімен де өлшенетінін айтады.

Аршат Әділжанқызы, Данияр Омар, Әлихан Өтеген - Almaty TV телеарнасы - Астана.

Оқи отырыңыз: Республика күніне орай Алматы қаласында үлкен мерекелік OPEN AIR концерті өтеді