Күдіктілер әлеуметтік желі арқылы азаматтарды 20 мыңнан 500 мың теңгеге дейін қаржы салуға шақырған
Шымкент қаласында 700 млн теңге көлемінде заңсыз пайда тапқан қаржы пирамидасының қызметі әшкереленді. Тергеу мәліметінше, ұйым «Капитал» атауымен инвестициялық платформа ретінде жасырын жұмыс істеген, деп хабарлайды Аlmaty.tv.
Күдіктілер әлеуметтік желі арқылы азаматтарды 20 мыңнан 500 мың теңгеге дейін қаржы салуға шақырған. Салымшыларға 3–5 күн ішінде инвестиция көлемінен жоғары табыс түсетіні уәде етілген. Алайда кепілдік ешқандай ресми құжатпен расталмай, тек ауызша айтылған. Тергеу барысында қаржы пирамидасына 900-ден астам адамның ақша салғаны анықталды. Ал қатысушыларға берілген төлемдер жаңа салымшылардан түскен қаражат есебінен жүзеге асырылып отырған. Қазір аталған дерек бойынша тергеу амалдары жалғасуда.
«Жаңа қатысушыларды тарту үшін психологиялық әсер ету тәсілдері қолданылған. Атап айтқанда, «жылдам табыс» туралы уәделер мен уақытпен шектелген ұсыныстар арқылы азаматтар қаржылық тәуекелдерді толық бағаламай, шешім қабылдауға итермеленген. Қаржылық мониторинг агенттігі азаматтарды сақ болуға және қысқа мерзімде жоғары табыс уәде ететін күмәнді жобаларға ақша салудан бас тартуға шақырады», – деді ҚР Қаржылық мониторинг агенттігінің ресми өкілі Ернар Тайжан.
Оқи отырыңыз: Алатау ауданында жол сапасын бақылау күшейтілді