Қарағанды облысында кәріз суын тазалайтын станса неге қолданысқа берілмейді

15.08.2025 18:42

Приозерск қаласындағы стансаның құрылысы 2014 жылы басталған 

«Кәріз суын тазалайтын стансаның құрылысы әлдеқашан аяқталса да, қолданысқа берілмеді». Осылай деп шағым айтқан Приозерск қаласының тұрғындары бюджеттен бәленбай миллиард теңге бөлінсе де, жұмыстың аяқсыз қалғанына арыз айтты, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.

Приозерск қаласындағы кәріз суын тазалайтын стансаның құрылысы 2014 жылы басталған. Керегесі көтеріліп, ғимараты тұрғызылғанымен, мұндағы жұмыс әлі жолға қойылмады. Бастапқы жоспар бойынша, бар іс үш жылда бітуі тиіс еді. Алайда доллар бағамының өсуіне байланысты бәрі тоқтап қалған. Сәйкесінше, стансаға қажетті желілер екі есеге қымбаттап, шетелден дер кезінде жеткізілмеді. Ал 2017 жылы жергілікті билік мердігерді сотқа береді. Сот шешімімен құрылыс уақытша тоқтатылып, 2018 жылы жобаға түзету енгізіліпті. Бірақ өзге мердігер де шаруаны аяқтамаған.

«Пандемия басталып кетті да, ештеңе таппай, сотқа беріп жауапсыз деп танылды. Ақшасын қайтарып бердік бюджетке. 2020 жылдан бері ешқандай құрылыс жұргізілмеді. Биыл жергілікті бюджеттен ақша бөлініп, іске қосу  үшін жоба әзірленуде», – деді Приозерск қаласы әкімінің орынбасары Темірхан Айдарханов.

Станса іске қосылған жағдайда тәулігіне 8 мың текше метр кәріз суын тазарта алады. Мұнда Беларусь пен Германиядан әкелінген заманауи қондырғылар орнатылған. Мамандардың айтуынша, желілер ескірмепті.

Айта кетейік, стансада кәріз суы бірнеше кезеңмен тазартылып, залалсыздандырылуы тиіс еді.

«Биогумусын қаланың ішіне ағаш отырғызуға болады, гүлдерді отырғызуға болады. Тіпті қаладағы үйлердің бақшасына да салуға болады. Ал тазартылған суды қалаға жіберуге болады. Суару жұмысына пайдалануға болады», – деді учаске бастығы Амантай Иманғалиев.

Бүгінде Приозерскіде 14 мыңға жуық адам тұрады. Қаладан тәулігіне 7 мың текше метрге дейін қалдық су шығады десек, оның ескі әдіспен жылдар бойы арнайы тоғанға төгіліп келе жатқанын да ескеру керек.

Жанбота бейсембайұлы, Бүлдірген Асығатқызы, Қарағанды облысынан

Оқи отырыңыз: Мектеп формасын алып қойып ек: марқұмның анасы баласын қағып кеткен жүргізуші тиісті жазасын алғанын талап етті