Ел наразылығынан соң аталған жайтқа қатысты ресми тыңдалым өтетін болды
Қарағанды облысына қарасты Курянов елдімекенінің тұрғындары медициналық қалдықтарды жағатын пештің тұрғызылуына наразы. Ашынған ағайын "мұржадан шыққан көк түтін таза ауаны ластап, адам денсаулығына зиянын тигізеді" деп алаңдайды, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.
Медициналық қалдықтарды жағатын пешті орнатуға Курянов елдімекенінің тұрғындары тайлы-тұяғымен қарсы. Құрылыстың денсаулыққа тигізер зиянын былай қойғанда, көпшілік аталған ауылдың кәсіпорын қоршауында қалып қойғанын айтады. "Ал мерзімі өтіп кеткен дәрілердің иісі ауаға тараса, жетісетініміз шамалы" деп қынжылды қараша.
"Маңайымыз толған экологияға қарсы зауыттар. Сондықтан бізге бұл зауыттың қажеті жоқ. Онсызда экологиямыз оңбай тұр. Кішкентай балалар, үлкен кісілер ауырып жатыр. Бізге таза ауа керек", - дейді Курянов елдімекенінің тұрғыны Сайлаубек Маяузов.
"Біз де адамбыз ғой. Өздеріне керек болса, салатын адам үйінің 10-қабатына салып алсын. Ауаны да басқаруға көшті ме, білмейміз", - дейді Курянов елдімекенінің тұрғыны Бақыт Молдашева.
Бір айта кетерлігі, 30 млн тұратын пешті жарнамалап жүрген кәсіпкер ешқандай рұқсатсыз іске кірісуді жөн санапты. Ол тіпті жобасын жасамастан, пешті орнатып үлгерген. Ел сөзі ескерілмей жатқан тұста есебі түгел бизнесмен қалдықтарды жағып, алаңсыз жүр. Мұқым елдің мазасын қашырғаны да - осы.
"Қарағанды облысында ондай пеш жоқ. Өте жақсы, тамаша таза нәрсе. Халықтың көзін ашу керек. Өйткені халық ондай пешті көрмеді. Ешқандай денсаулыққа зияны жоқ. Экология таза болады. Қарағанды бойынша ондай пеш жоқ", - деді кәсіпкер Мейрам Қазымов.
Кәсіпкердің өзі аталған жайтқа қатысты осылай деп түсінік берді. Ал мемлекеттік сараптамадан өтпей, рұқсатсыз орнатылған пешті көрген облыстық экология департаментінің өкілдері істің қашан, қалай болғанын түсіне алмай дал.
"Бұл заңға қайшы. Бірақ кәсіпкерлердің кодексі бар. Ол жерде бизнес өкілдерінің құқығы қорғалады. Сондықтан біз біреу айтты деп тексеріс аша алмаймыз. Ол үшін тұрғындардың жазбаша шағымы болуы керек. Содан кейін ғана тексерісті заң аясында ғана жүргіземіз", - деді Экология департаментінің бас маманы Дамир Рамаев.
Ел наразылығынан соң, енді аталған жайтқа қатысты ресми тыңдалым өтетін болды. Қарсылық білдірген халық бүгінде құрығы ұзын құзырлы органдарға 1000 адамның қолы қойылған шағым да жазып жіберіпті. Сондықтан олар медициналық қалдықтарды жағатын пешті басы бүтін алдыртамыз деп тас түйін деп бекініп отыр.
Жанбота Рахметуллаұлы. Айнұр Бейсұлтанқызы, AlmatyTV, Қарағанды облысы
Оқи отырыңыз: Келер жылы балалардың шотына түсетін ақша сомасы көтеріледі