Биыл балалардың шотына 100 доллар 52 центтен түскен еді
2025 жылы "Ұлттық қор балаларға" жобасы бойынша елдегі 18-ге толмағандардың шотына 100 емес, шамамен 120 доллардан түсуі мүмкін. Қаржы министрі Мәди Тәкиев осындай болжам жасап отыр. Ал Ұлттық банк төрағасы Тимур Сүлейменовтің есебі бойынша әр балаға 130 доллардан бұйырады екен. Сонымен, биыл Ұлттық қордан қанша ақша түседі? Қордың қазіргі жағдайы қандай? Almaty.tv тілшісі біліп қайтты.
Бүгін Сенат депутаттары 2024 жылдың нақтыланған бюджетін мақұлдады. Құжатқа сәйкес, республикалық қазынаның кірістері азайған. Сол себепті Ұлтық қордан 5,6 триллион теңге алынатын болды. Оның 3,6 триллионы - нысаналы, ал 2 триллион теңгесі - кепілдендірілген трансферт. Дәл осы тұста сенатор Нұртөре Жүсіп биылдан бастап Ұлттық қордан балаларға ақша аударыла бастағанын еске салып, Үкіметтің алғалы отырған триллиондары біздің балалардың аузынан жырып алынбай ма деген сауал қойды.
"Біз келешек ұрпақтың несібесіне қол салып, қол салғанда мол салып отырған жоқпыз ба? 2024 жылдың соңына дейін және келесі жылдары әр балаға қандай сома және жалпы қанша қаражат аудару жоспарланып отыр? Сондай-ақ осы қаражаттың инфляциялық процестерге жаңағы айтқан әлемдік мың құбылған экономикалық жағдайда құнсызданудан қалай қорғауға болады?" - деп сауал жолдады ҚР Парламенті Сенатының депутаты Нұртөре Жүсіп.
Өз кезегінде Қаржы министрі Мәди Тәкиев қордағы инвестициялық кіріс 2,6 пайыз болғанын айтып, келесі жылы табыстың 3 пайыз болатынын жеткізді. Сәйкесінше, әр балаға түсетін ақша сомасы да көтеріледі. Ал биыл әрқайсысына 100 доллар 52 центтен түскен еді.
"1 қаңтардағы балалардың санымен есептеп отырмыз. Шамамен 118-120 доллар көлемінде болатын шығар деп болжаймыз. Бірақ оны 1 ақпанға дейін күте тұрайық. Дұрыстап есептеп, айтып береміз", - деді ҚР Қаржы министрі Мәди Тәкиев.
Ал Ұлттық банк төрағасы Тимур Сүлейменовтің болжамы басқа екен. Қаржыгердің айтуынша, келесі жылы 18-ге толмаған балалардың шотына түсетін ақша биылғыдан 30 пайызға көп болуы мүмкін.
"Балаларға тиесілі сома - 890 миллион доллар. Осы жылы алдын ала есебі бойынша әр балаға 130 доллардан келеді. Бірақ Мәди Тәкешұлы айтқандай, 1 қаңтарға дейін қанша бала туды, неше бала 18-ге толды, соны есептеп тиісті ақпаратты жеткізетін боламыз", - деді ҚР Ұлттық банк төрағасы Тимур Сүлейменов.
Ұлттық қордағы ақша инфляцияға тәуелді емес. Яғни, ондағы қаражат доллармен сақталған.
Айта кетейік, биыл 1 қаңтардан бастап "Ұлттық қор балаларға" жобасы ресми іске қосылды. Бағдарлама аясында елдегі 18-ге толмаған 7 миллион баланың шотына 100 доллардан түскен еді.
Өмір Серікбекұлы, Данияр Омар, Дастан Темірбекұлы, AlmatyTV, Астана
Оқи отырыңыз: Ата-аналардың 80 пайызы балаларының ұялы телефонын қадағаламайды - мамандар